Жаңа талап күшіне енгенге дейін азаматтық алуға өтініш бергендер емтихан тапсырудан босатылады.
Фото: Азертадж
ERNUR.KZ. 2027 жылдың наурызынан бастап Финляндия азаматтығын алуға үміткерлер үшін елдегі қоғамдық құрылымның негіздерін білуге арналған жаңа емтихан енгізіледі, деп жазады kaz.inform.kz.
Жаңа талап күшіне енгенге дейін азаматтық алуға өтініш бергендер емтихан тапсырудан босатылады.
Yle мәліметінше, тест барысында үміткерлердің фин қоғамының құрылымы мен негізгі қағидаттары туралы білімі тексеріледі. Сұрақтар елдің заңнамасын, адамның негізгі құқықтарын, теңдік қағидаттарын, сондай-ақ Финляндияның тарихы мен мәдениетін қамтиды.
“ Емтихан электронды форматта фин немесе швед тілінде өтеді. Оны еңбекке қабілетті жастағы, яғни 18 бен 65 жас аралығындағы азаматтыққа үміткерлер тапсырады “, – делінген хабарламада.
Фин немесе швед тілінде лицей немесе жоғары оқу орнын бітірген азаматтар жаңа емтиханнан босатылады.
Жаңа тестілеу жүйесін әзірлеуге Финляндия билігі шамамен 800 мың еуро бөлген.
Бұған дейін Финляндия азаматтығын алу үшін фин немесе швед тілін білу деңгейін растайтын тест тапсырып, елде кемінде бес жыл тұру қажет болатын. 2024 жылдың қазанынан бастап азаматтық алу үшін Финляндияда тұрудың қажетті мерзімі бес жылдан сегіз жылға дейін ұзартылды.


