Тергеушілер соңғы айларда мұндай жағдайлар жиілеп кеткенін айтады.
Фото: musees-langres.fr
ERNUR.KZ. Францияның солтүстігіндегі Лангр қаласында орналасқан "Дени Дидро ағарту үйінен" XVIII ғасырдағы алтын және күміс монеталардың шамамен 2000 данасы бір түннің ішінде ұрланып кетті, деп жазады inbusiness.kz.
Мамандардың айтуынша, бұл монеталардың көпшілігі бірегей үлгілерге жатады. Алдын ала деректер бойынша, қылмыскерлер әрекеттерін кәсіби деңгейде ұйымдастырған, яғни олар нақты нені іздегенін жақсы білген.
Қыркүйек айының басынан бері Франциядағы бірнеше мұражай мен коллекциялар тоналған.
Қазан айының ортасында оңтүстік-батыстағы Сарран коммунасында орналасқан Жак Ширак мұражайы екі тәулік ішінде екі рет тоналған. Ұрылар бұрынғы президент Жак Ширакқа берілген дипломатиялық сыйлықтар, зергерлік бұйымдар мен сағаттарды алып кеткен. Залал мөлшері әзірге нақтыланған жоқ, полиция тергеу жүргізіп жатыр.
Бұған дейін, қыркүйек айында, Лимож қаласындағы Адриен Дюбуше ұлттық мұражайынан жалпы құны 6,5 миллион еуро тұратын үш қытай фарфор бұйымы жоғалған. Бұл жәдігерлер ресми түрде "ұлттық қазына" мәртебесіне ие болған.
Бірнеше күннен кейін Париждегі Табиғат тарихы мұражайынан 1,5 миллион еуроға бағаланған бірнеше алтын кесегі ұрланды. Бұл іске қатысты 24 жастағы күдікті Барселонада ұсталды, оның сыбайластары Еуропа көлемінде іздестіріліп жатыр.
Полиция әзірге бұл қылмыстардың бәрін бір ұйымдасқан топ жасады ма, әлде бұл тек ұқсас әдіспен әрекет ететін бірнеше топтың ісі ме – нақты айта алмай отыр. Ал Лувр мұражайындағы ұрлыққа қатысты тергеушілер кәсіби деңгейде ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысы бар деп болжайды.