Екінші тікұшақ экипажын іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Фото: Видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Грекияда орман өртін сөндіру кезінде екі тікұшақ соқтығысты. Оқиға Афинаның батысындағы Псата ауданында тіркелді, деп жазады inbusiness.kz.
Өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, апаттан кейін экипаж мүшелерін іздеп, көмек көрсету үшін құтқару топтары дереу оқиға орнына жіберілген.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, тікұшақтар орман өртін сөндіру барысында күрделі жағдайда әуеде соқтығысқан. Kathimerini басылымының мәліметіне сәйкес, бір тікұшақтың экипажы аман қалып, зардап шеккендер ауруханаға жеткізілген.
Екінші тікұшақ экипажын іздеу-құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Олардың жағдайы туралы әзірге ресми ақпарат жарияланбады. Белгілі болғандай, екі әуе кемесі де Элевсин әскери әуе базасынан көтерілген.
Орман өрттері бірнеше күннен бері жалғасып жатыр. Грекия билігі 12 мың гектардан астам аумақты қызыл жалын шарпығанын хабарлады. Тілсіз жаумен күреске жүздеген өрт сөндіруші мен арнайы техника тартылған.


