Жұмысшылардың ереуілге шығуына теміржол компаниясының күрделі мәселелерді шешуге салғырттық танытып отырғандығы түрткі болған.
Фото: Report
ERNUR.KZ. Грекиялық теміржолшылар саладағы өзекті мәселелерді шешуді талап етіп, ел бойынша 24 сағаттық ереуілге шықты, деп жазады inform.kz.
Report агенттігінің мәліметінше, ереуілге Hellenic Train жұмысшылары мен машинистер кәсіподағы қатысты. Шеру өтіп жатқан уақытта біраз пойыздар тоқтап, кейбір жолаушылар соңғы станцияларға автобуспен жетті. Бұл ретте кәсіподақ мүшелері ереуіл кезінде пойыздардың саны аз болатын ескерткен.
Жұмысшылардың ереуілге шығуына теміржол компаниясының күрделі мәселелерді шешуге салғырттық танытып отырғандығы түрткі болған. Кәсіподақ көтерген негізгі мәселелер қатарында маршруттардың кешігуі, кадр тапшылығы бар. Олар қауіпті еңбек жағдайын, инфрақұрылымның талапқа сай болмауы мен маңызды мамандардың тапшылығын алға тартты. Сондай-ақ қызметкерлердің аздығы жұмыстың көбейіп, ауыр кестеге әкеліп соқтыратынын, бұл жұмысшылар мен жолаушылардың өміріне қауіп төндіретінін айтты.
Сонымен қатар теміржолшылар Hellenic Train әкімшілігінің қызметкерлерді жұмыстан шығаруына қарсы. Олар жұмысшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды талап етіп отыр.


