Грузия театрлары көрерменмен байланыс орнатудың ерекше жолын тапты

0
747

Спектакльдерді тамашалау тегін.


Грузия театрлары көрерменмен байланыс орнатудың ерекше жолын тапты

ERNUR.KZ. Тбилисиде әйнек куб пайда болды. Өнерді сағынған көрермен сол арқылы түрлі қойылымдардың куәсі бола алады. Негізі гүржі елінің театрлары араға бір жыл салып наурыз айында қайта ашылған болатын. Алайда елде коронавирустың үшінші толқыны басталуына байланысты өнер үйлерінің көбі қайта жабылды. Соның ішіндегі біреуі осы бір қысылтаяң кезеңде эксперимент жасап, көрерменмен байланыс орнатудың ерекше жолын тапты, деп хабарлайды Хабар24.

Театр тек ғимарат емес, ол актер мен көрермен арасындағы тірі байланыс. Көше қойылымы ұйымдастырушылары осылай дейді. Пандемия атты қысылтаяң кезеңде азаматтар театрға келе алмаса, оларды өзіміз іздеп баруға дайынбыз дейді өнер иелері.


- Шектеу шаралары кезінде қолдан келгенше қауіпсіздікті сақтауға ұмтылдық. Мұнымен бірге өнер иелері мен көрермендер арасындағы байланысты жоғалтып алмауға да тырыстық. Негізі бұл жоба «Қауіпсіз аймақ» деп аталады. Ол 50 шақты қысқа спектаклден тұрады. Алдағы 100 күнде әйнек куб Тбилисидің әр жерінде бой көрсетеді, - деді Корольдік квартал театрының режиссері Дата Тавадзе.


Қойылымдардың тақырыбы қазіргі заман шындығы. Яғни пьеса кейіпкерлері бәрі білетін бірақ көп айтыла бермейтін жағдайлар жайлы әңгіме құрады. Мәселен, мына спектакльде ішкі комплекстер мен өз-өзіңді тану мәселелері көтерілген.


- Менің кейіпкерім көптеген комплексі бар адам. Ол өз ұлына тәлім-тәрбие беруге тырысады. Алайда айтқан үлгі-өнегесінің бәрі өзі жайлы болып шығады. Балаға жол көрсету арқылы өзіне ақыл айтады, - деді Корольдік квартал театрының актері Гага Шишинашвили.


Аталған жобаға барлығы 6 драматург, 4 режиссер тартылған. Олардың бәрі маусымға дейін түрлі спектакльдің премьераларымен бүкіл Тбилисиді аралап шығады.


- Спектакль көрерменге жеткізілу формасымен ұнады. Меніңше, мұндай әдістің болашағы зор, - дейді көрермен Давид Мгебришвили.


Спектакльдерді тамашалау тегін. Кез келген адам қалаған қойылымын көре алады. Бастысы, актердың ойыны мен көрерменнің қошеметі.