ОСЫ 7 жағдайда АЛҒЫС АЙТУды ұмытпаңыз

0
150

Кешігіп қалсаңыз, кешірім сұрамай тұрып, рақмет айтыңыз


ОСЫ 7 жағдайда АЛҒЫС АЙТУды ұмытпаңыз

Сурет: ЖИ

«Рақмет» – күнделікті өмірде қолданатын қарапайым сөзіміздің бірі. Оның адамдар арасындағы қарым-қатынаста орны ерекше. Біреудің жасаған жақсылығын бағалап, жылы сөз айту арқылы оған деген құрметімізді білдіреміз. Бір ауыз алғыс адамның көңілін көтеріп, өзіне деген сенімін арттырады.

Кейде алғыс айтудың орнына ақталып, өзімізді қорғап немесе артық сөз айтып жатамыз. Шын мәнінде, кейбір жағдайларда ұзақ түсіндірудің қажеті жоқ, жай ғана «рақмет» деген сөз жеткілікті. Күнделікті өмірде алғыс айтуды ұмытпау керек жеті жағдайды қарастырайық.


1. Кешігіп, біреуді күттіріп қойғанда...

Кешігу – көпшілікке ұнайтын жағдай емес. Әсіресе сізді күтіп отырған адамның уақыты мен жоспарына әсер етеді. Сондықтан кешіккен кезде көбіміз бірден кешірім сұраймыз, ақтала бастаймыз. «Кешірім сұраймын, кешігіп қалдым. Жолда кептеліс болды (Көлік таба алмай қалдым. Аяқ асты шаруам шығып қалды, т.с.с.)» дегендей себептерді айтамыз.

Әрине, кешіккеніміз үшін кешірім сұрауымыз керек. Сонымен қатар, тағатпен күткен адамның сабырын да бағалай білген жөн.

Мысалы, кездесуге 15 минут кешігіп келдіңіз делік. Мұндайда тек «Кешіріңіз, жолда кептеліс болды» деумен шектелмей, «Күткеніңізге рақмет! Уақытыңызды алғаным үшін кешіріңіз» деген дұрыс. Бұл жауап арқылы сіз өз қателігіңізді мойындап қана қоймай, басқа адамның уақытын құрметтейтініңізді де көрсетесіз.

Кейде өзіміздің асығыстығымыз немесе жауапсыздығымыз басқа адамға қолайсыздық тудырады. Сондықтан мұндай жағдайда тек кешірім сұрап қоймай, бізді күткен адамға алғыс айтуды да ұмытпағанымыз жөн.


2. Біреуді жұбатқан кезде...

Жақын адамыңыз немесе әріптесіңіз қиын жағдайға тап болып, ішкі мұңын сізбен бөліссе, оны жұбатар сөз табу оңай емес. Әсіресе жақынын жоғалтқан, жұмысынан айырылған немесе өмірінде қиындыққа тап болған адамды жұбату үшін көп ойланып қаламыз.

Кейде оның көңілін көтеру мақсатында жағдайдың жақсы жағын көрсетуге тырысамыз. Бірақ «Ең бастысы, денсаулығың жақсы ғой» немесе «Бәрі жақсы болады» деген сөздер әрдайым адамның көңілін аулай бермейді.

Өйткені қиындыққа тап болған адамға сол сәтте ақыл айтатын емес, өзін тыңдайтын және түсінетін жан керек. Мысалы, әріптесіңіздің анасы қайтыс болды делік. Мұндайда «Ең бастысы, анаңмен бірге өткізген жақсы күндерің есіңде ғой» дегеннен гөрі, «Маған сеніп, ішкі сырыңмен бөліскеніңе рақмет. Қазір саған оңай емес екенін түсінемін. Мен жаныңдамын» деген әлдеқайда орынды.

Сол сияқты жақыныңыз жұмысынан айырылып, сізге мұңын айтса, оны бірден ақылға шақырудың қажеті жоқ. «Маған айтқаның үшін рақмет. Уайымдама, бәрін бірге еңсереміз» деп қолдау көрсетуге болады.

Кейде адамға көп сөздің қажеті жоқ. Оның жанында болып, мұңын тыңдап, қолдау көрсету де үлкен көмек. Сондықтан біреу сізге сенім артып, ішкі сырын бөліссе, сол сенімі үшін алғыс айтуды ұмытпаңыз.


3. Орынды сын айтқаны үшін...

Сын есту ешкімге оңай емес. Әсіресе жасаған жұмысыңызға басшыңыз немесе әріптесіңіз ескерту жасаса, бірден ақталуға немесе өзіңізді қорғауға тырысуыңыз мүмкін.

Бірақ сынның бәрін жаман қабылдауға болмайды. Кейбір ескертулер біздің кемшілігімізді көруге, қателігімізді түзетуге және алдағы уақытта жақсы нәтижеге жетуге көмектеседі.

Мысалы, басшыңыз: «Бұл жұмысты бұдан да жақсы орындауға болатын еді. Мен сенен жоғары нәтиже күттім» десе, бірден қарсы шығып, өзіңізді ақтаудың қажеті жоқ. Оның орнына: «Менен жақсы нәтиже күткеніңізге рақмет. Келесі жолы міндетті түрде ескеремін» деп жауап беруге болады.

Тағы бір мысал, тұтынушы сізден алған затының сапасына көңілі толмайтынын айтып, шағымданды делік. Мұндайда оған қарсы сөйлегеннен гөрі, «Бізге хабарлағаныңызға рақмет. Мәселені анықтап, сапамызды жақсартуға тырысамыз» деген дұрыс.

Әрине, барлық сын орынды бола бермейді. Дегенмен пайдалы ескертулерді қабылдай білу – адамның дамуына көмектесетін жақсы қасиет. Сондықтан орынды сынға ренжімей, оны өзіңізді жетілдіруге берілген мүмкіндік ретінде қабылдаңыз.


4. Орынсыз сын айтса да...

Өкінішке қарай, кейде адамдар пайдалы кеңес беру үшін емес, ренжіту немесе көңілге қаяу түсіру мақсатында сын айтады. Мұндай пікірлердің артында қызғаныш, реніш немесе жай ғана түсінбеушілік жатуы мүмкін. Осындай кезде ашуланып, қарсы жауап беруге немесе сөз таластыруға асықпаңыз. Оның орнына «Пікір білдіргеніңіз үшін рақмет!» деп алғыс айтыңыз. Әр адамның ойына орын бар, тек оны ескеру не елемеу еркі өзіңізде.

Ең бастысы, әрбір пікірталаста жеңіске жетуге тырыспаңыз. Кейде сабыр сақтап, өз жолыңызбен жүре беру әлдеқайда дұрыс шешім болады. Өзгелердің орынсыз сөзі көңіл күйіңізді бұзуына жол бермеңіз.


5. Біреу мақтаған кезде...

Сырт келбетіңізді, киіміңізді немесе жасаған жұмысыңызды мақтап жатса, оны қарапайым түрде қабылдай біліңіз. Көп жағдайда адамдар мақтау естігенде ұялып, оны жоққа шығаруға тырысады. Мысалы, «Қойшы, шынымен солай ма?», «Баяғыдан киіп жүрген ескі киімім ғой» деп жауап береді.

Әрине, мұндай жауапты мақтаншақтықтан ада, қарапайым боп көрінгіміз келгеннен айтуымыз мүмкін. Бірақ мақтау айтқан адамның да жылы сөзін бағалау керек.

Мысалы, біреу сізге: «Көйлегің қандай әдемі, өзіңе жарасып тұр!» десе, «Рақмет! Саған ұнағанына қуаныштымын» деп жауап берген әлдеқайда дұрыс.

Немесе біреу жұмысыңызды жоғары бағалап: «Бүгін өте жақсы нәтиже көрсеттің!» десе, «Жо-жоқ, шын мәнінде мынадай қателіктер болды» деп кемшіліктеріңізді тізіп, өзіңізді ақтаудың қажеті жоқ. «Рақмет! Мен де нәтижеме қуаныштымын» десеңіз жеткілікті.


6. Сұралмаған ақыл үшін...

Мұндай жағдай күнделікті өмірде жиі кездеседі. Мысалы, енеңіз не басқа туысыңыз нені қалай істеуді үйретіп әлек. Спорт залында жаттығып жатсаңыз, біреу келіп, жаттығуды қалай дұрыс орындау керегін түсіндіре бастайды. Немесе жұмыста әріптесіңіз сіз сұрамасаңыз да, өз кеңесін айтып жатады.

Кейде мұндай кеңес шынымен пайдалы болуы мүмкін. Бірақ көп жағдайда сұралмаған ақыл адамның көңілге тиіп, ашуландырады. Сондай кезде мысқылдап немесе дөрекі жауап берудің қажеті жоқ. Тек қана «Кеңесіңізге рақмет, мүмкін келесіде ескерермін» деумен шектелген абзал.

Әрине, біреу айтқан кеңестің бәрін орындау міндетті емес. Бірақ оның көмектескісі келген ниетін бағалай білген жөн.


7. «Алғыс айту керек пе, жоқ па?» деп күмәнданған кезде...

Кей жағдайларда алғыс айту керек пе, жоқ па деп ойланып қаламыз. Негізінде шын жүректен айтылған «рақмет» ешқашан артық болмайды. Бұл үшін үлкен себеп іздеудің қажеті жоқ.

Күнделікті өмірде көп нәрсені қалыпты жағдай деп қабылдап, алғыс айтуды ұмытып жатамыз. Біреудің көмегін, жылы сөзін немесе бізге арнаған уақытын елемей өтуіміз мүмкін. Ал шын мәнінде, қарапайым ғана «рақмет» сөзі адамның көңілін көтеріп, қарым-қатынасты жақсарта алады. Алғыс айтуды әдетке айналдырған жақсы. Ол адамның тәрбиесі мен мәдениетін көрсететін жақсы қасиет. Ең бастысы, рақметті жай ғана әдет үшін емес, шын көңілмен айту керек.

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Әр адам білуі керек 6 ЗАҢ

Бұл ДӘРІлерді қабылдағанда, КӨП әрі ЖЫЛДАМ қозғалуға болмайды