Жаңбыр суына ерімейді, көз астына жұқпайды
Сурет: ЖИ
Күз-қыс мезгілінде жауын-шашын косметика қолданатын қыз-келіншектерге үлкен жайсыздық туғызады. Бетке тиген әр тамшы бояуды ерітіп, келбетке мін, сұлулыққа сын келтіреді. Әсіресе, кірпікке жаққан тушьті жаңбыр суынан қорғау керек болады. Әйтпесе, сәл уақытта «пандаға» айналып шыға келесің.
Жаңбыр астында қалсаңыз да, кірпігіңіздегі тушь ақпай, ал кешке қарай оны жылы сумен еш қиындықсыз кетіруге болатынын елестетіп көріңізші. Бұл жай ғана қиял емес, сұлулық индустриясындағы жаңа құрал. Арнайы технологиямен жасалған термотушь – жай ғана жарнама ма, шынында ыңғайлы ма?
Термотушьтің басты ерекшелігі – әр кірпікті жеке-жеке немесе бірнеше кірпікті біріктіріп, жұқа полимерлі қабықшамен қаптап, сыртқы ылғал әсеріне төзімді етуі және жылы сумен жанасқанда кірпіктен оңай ажырауы. Яғни ұзақ сақталу мен жеңіл тазалану бір өнімнің бойына біріктірілген. Термотушь кепкеннен кейін әр кірпіктің айналасында кішкентай түтікше тәрізді қабат қалыптастырады.
Оны «термо» деп атауының себебі – жылы судың әсерінен осы қабықшаның жұмсарып, кірпіктен ажырауы. Мұнда кірпікті қыздыру немесе арнайы құрылғымен өңдеу қажет емес. Барлық процесс жылы судың әсерінен жүреді.
Дегенмен барлық термотушь бірдей жұмыс істемейді: кейбір өндірушілер жылы суды, енді бірі мицеллярлы суды немесе арнайы тазартқышты ұсынады. Сондықтан қаптамадағы нұсқаулықты оқып шығу маңызды.
Термотушьті дұрыс жағудың 5 құпиясы
Термотушьтің мүмкіндігін толық пайдалану үшін оны дұрыс жағу маңызды. Мына бес қарапайым кеңеске назар аударыңыз.
1. Кірпікті алдын ала дайындаңыз
Макияжды бастамас бұрын кірпіктің таза әрі құрғақ болғанына көз жеткізіңіз. Егер кірпікте бұрынғы косметиканың қалдығы немесе май болса, жаңа тушь біркелкі жағылмауы мүмкін. Сондықтан алдымен кірпікті тазалап, кептірген дұрыс.
2. Щеткадағы артық өнімді алып тастаңыз
Щеткаға тым көп тушь жинау кірпіктердің бір-біріне жабысып қалуына әкеледі. Қажет болған жағдайда щеткадағы артық өнімді құтының ернеуіне абайлап сүртіп алыңыз. Бұл тушьті біркелкі жағуға мүмкіндік береді.
3. Тушьті түбінен ұшына қарай жағыңыз
Щетканы кірпіктің түбіне жақын орналастырып, жоғары қарай баяу жүргізіңіз. Осылайша әр кірпікті жеке қаптап, оларға ұзын әрі айқын көрініс беруге болады. Қозғалысты асықпай орындаған жөн.
4. Бірнеше қабат жағуда мөлшерді сақтаңыз
Егер кірпікті қалың әрі көлемді етіп көрсеткіңіз келсе, бірінші қабат кепкеннен кейін, екінші қайтара жағуға болады. Бірақ өнімді шамадан тыс көп қолдану кірпіктердің жабысып, табиғи көрінісін жоғалтуына себеп болуы мүмкін. Ең бастысы – әр қабаттың біркелкі түсуі.
5. Жылы сумен асықпай тазалаңыз
Күн соңында кірпікті жылы сумен сулап, бірнеше секунд күтіңіз. Полимерлі қабықша жұмсарғаннан кейін саусақтың ұшымен өте жеңіл қимыл жасап, ажыраған бөліктерді сумен шайыңыз. Кірпікті қатты ысқылаудың немесе тартудың қажеті жоқ. Егер тушь толық кетпесе, өндіруші ұсынған тазартқышты пайдаланыңыз.
Көз айналасының терісі мен кірпік өте нәзік болғандықтан, тазалау кезінде мұқият болған жөн. Америкалық офтальмология академиясы көз макияжын ұйықтар алдында міндетті түрде кетіруге және кірпікті шамадан тыс ысқыламауға кеңес береді.
Қауіпсіздік туралы ұмытпаңыз!
- Құрамын тексеріп, өзіңізге аллергия тудыратын компоненттердің жоқтығына көз жеткізіңіз.
- Қолданар алдында қолыңызды жуыңыз.
- Тушьті басқа адаммен ортақ пайдаланбаңыз.
- Көзде қабыну немесе инфекция болса, косметиканы қолдануды уақытша тоқтатыңыз.
- Өнімнің жарамдылық мерзімі мен өндіруші көрсеткен пайдалану уақытын сақтаңыз.
Косметика әлеміндегі жаңалықтардың басты мақсаты – сұлулықты үстемелеумен қатар, күнделікті күтімді жеңілдету. Термотушь осы бағыттағы қызықты технологиялардың бірі. Әсіресе көз астына тушьтің жағылып кетуін ұнатпайтын, макияжды тазалауға көп уақыт жұмсағысы келмейтін адамдар үшін бұл өнім қолайлы таңдау болуы мүмкін.
Дайындаған: Х. Орал,
Оқи отырыңыз:


