Соңғы мәлімдемеде Apple iPhone 15 үлгілерінің қызып кетуінің үш себебі бар екенін мойындады.
ERNUR.KZ. iPhone 15 гаджетін алғаш сынап көрген пайдаланушылар сериядағы барлық телефонның қызып кетуіне шағымдана бастады. Жұртшылықтың айтуынша, тіпті кейбір жағдайларда смартфонның температурасы 42-48 градусқа дейін жетеді екен. Осыған орай Apple компаниясы ақауды мойындап, қатені түзетуге уәде берді, деп жазады stan.kz.
Соңғы мәлімдемеде Apple iPhone 15 үлгілерінің қызып кетуінің үш себебі бар екенін мойындады. Біріншісі, пайдаланудың алғашқы бірнеше күнінде iOS пайдаланушының параметрлері мен деректерін фондық режимде қалпына келтіреді. Бұл процессорды әдеттегіден көп жұмыс істеуге мәжбүр етеді.
Екінші себеп – жүйені шамадан тыс жүктейтін бағдарламалар. Оларға Instagram, Asphalt 9 және Uber кіреді. Компания әзірлеушілерге бұл мәселені шешуге және тиісті жаңартуларды шығаруға көмектесетінін айтты.
Үшіншісі – iOS 17-де қызып кету мәселесін күшейтетін қателік бар. Бірақ компания оның не екенін ашып айтпады.
Apple қазірдің өзінде түзетумен жұмыс істеп жатқаны белгілі – мәселе келесі ОЖ жаңартуларының бірінде шешіледі.