Иран Ормуз бұғазы арқылы өткені үшін 60 күн бойы ақы талап етпейді.
Иллюстрациялық сурет:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Дегенмен бұғаз арқылы өткісі келетін барлық кеме бұрынғысынша Иранның Парсы шығанағын бақылау басқармасына өтінім беруге міндетті. Елдің Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің бұл хабарламасы Tasnim телеарнасының сюжетінде айтылды, деп жазады tengrinews.kz.
Кеңес мәлімдемесінде бұл шешім Исламабад меморандумы аясында қабылданғаны айтылған.
"Өзара түсіністік туралы Исламабад меморандумына сәйкес, 60 күн ішінде өтініш берушілерден ешқандай ақы алынбайды, ал барлық байланысты шығындарды Ислам Республикасы Иран үкіметі өтейді", - делінген мәлімдемеде.
Кемелердің Иранның Парсы шығанағын бақылау басқармасына (PGSA) берген өтінімдері жедел түрде қаралатыны атап өтілді.
Кеңес "бұғаздан өту кезіндегі ерекше жағдайлар мен қауіп-қатерлердің болуына байланысты, сондай-ақ қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету және теңіз оқиғаларының алдын алу үшін" кемелер өз бағыты мен өту уақытын хабарлауы қажет екенін мәлімдеді. "Бұл өткізу қабілетін біртіндеп арттыруға мүмкіндік береді", - делінген мәлімдемеде.
Кеңес Иран АҚШ-пен жасалған меморандумға сәйкес Ормуз бұғазын миналардан тазарту бойынша барлық шараны қабылдайтынын қосып өтті.
"Басқа мәселелерге, соның ішінде минадан тазартуға келетін болсақ, қажетті шаралар Өзара түсіністік туралы Исламабад меморандумының 5-тармағына сәйкес қабылданады", - деп мәлімдеді Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі.


