Иранның оңтүстігіндегі АҚШ-тың соққыларынан 35 адам қаза тапты

0
97

Ең көп зардап шеккендер Хормозган және Систан мен Белуджистан провинцияларында тіркелген.


Иранның оңтүстігіндегі АҚШ-тың соққыларынан 35 адам қаза тапты

Фото: Sasan/Middle East Images/SIPA/picture alliance

ERNUR.KZ. АҚШ-тың Иранның оңтүстік өңірлеріне жасаған соңғы әуе шабуылдарынан 35 адам қаза тауып, 300-ден астам адам жарақат алды. Бұл туралы Иранның Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп жазады inform.kz.

Министрліктің қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Хосейн Керманпур X әлеуметтік желісінде қаза тапқандардың арасында екі әйел мен бір жасөспірім бар екенін хабарлады.

Оның айтуынша, ең көп зардап шеккендер Хормозган және Систан мен Белуджистан провинцияларында тіркелген. Қазіргі уақытта жараланғандардың 72-сі ауруханада ем қабылдап жатыр.

Иран армиясы өз сайтында жариялаған мәлімдемеде сәрсенбіге қараған түні Систан мен Белуджистан провинциясындағы Бампур ауданындағы әскери гарнизонға жасалған шабуыл салдарынан жеті әскери қызметкер қаза тауып, тағы 13-і жараланғанын хабарлады.

Соңғы бірнеше күнде АҚШ әскері Иранның оңтүстік провинцияларына бірнеше мәрте соққы жасады. Вашингтон бұл шабуылдарды Иран күштерінің Ормуз бұғазындағы кемелерге шабуылына жауап әрі Тегеранның халықаралық сауда кемелеріне қауіп төндіру мүмкіндігін әлсірету мақсатында жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Өз кезегінде Иран Батыс Азиядағы АҚШ-тың әскери базалары мен нысандарына зымырандар және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен бірнеше рет жауап соққысын жасады.