Израильде коронавирустың өзгеріске ұшыраған жаңа түрі тіркелді

0
571

​​Оған кентавр деп ат берілді.


Израильде коронавирустың өзгеріске ұшыраған жаңа түрі тіркелді

ERNUR.KZ. Оған кентавр деп ат берілді. COVID-19-дың бұл штамы қаншалықты қауіпті екені белгісіз, деп жазады 24.kz.

2.75 штамы немесе кентавр деп аталған коронавирустың жаңа түрі Израильге де жетті. Дерт алдымен әдеттегідей соңғы апталарда шетелде болып қайтқан азаматтардан анықталды. Қазір науқастардың барлығы бақылауға алынған.

"Жаңа штамға қатысты мамандар пікірі әртүрлі. Ол омикронның жаңа түрі сияқты. Бірақ оны омикроннан ажырататын уыттылығы мен дертті туындатушылығына қатысты қасиеттері әлі толық белгісіз болып тұр", - деді медициналық сарапшы Юрий Ранков.

Мамандардың айтуынша, мәліметттер аз, бірақ дүрлігуге себеп жоқ, қазір ол жіті зерттеліп жатыр. Вирусологтар да жаңа штамның омикроннан айтарлықтай үлкен айырмашылығы бола қоймас деп отыр және қырғынға ұшырататын «супервирус» бола қоймас дегенді айтады.

"Бұл жайттар әрине маңызды. Олар вирусологтарды, вакцина жасаушыларды және өзге де мамандарды алаңдататыны анық. Бірақ дәрігерлер мен науқастар қобалжымау қажет. Себебі вирустың таралу қағидасы сол баяғыдай өзгерген жоқ. Қазір оның дертті туындатушылық қасиеті омикроннан жоғары емес", - дейді Юрий Ранков.

Кентаврдың иммундық қорғанысты айналып өту қабілеті жоғары деген мәлімет те жоқ. Ал оны жұқтырған адам дертті көбіне жеңіл өткереді. Дегенмен дәрігерлер коронавирустан қорғанудың жалғыз жолы вакцина екенін ұмытпау керектігін айтып, адамдарды екпе салдырып сақтануға шақырады.

"Екпе салдырған адамдардың ауруы жеңіл өтеді. Олардың дерті асқынып, ауыр күйге ұласуы аз. Ешкім оған қарсы вакциналар тиімсіз деп айтпайды", - дейді Юрий Ранков.

Израиль Денсаулық сақтау министрлігі де тұрғындарды бустерлі доза салдыруға шақырып отыр. Басқа шектеулер жоқ. Мемлекет корнавируспен өмір сүруді үйренген.