ERNUR.KZ.Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің бұрынғы бес шенеунігі азаптау және қызметін теріс мақсатта пайдалану айыбымен ұзақ мерзімдерге сотталды.
фото novayagazeta-ug.ru
ERNUR.KZ.Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің бұрынғы бес шенеунігі азаптау және қызметін теріс мақсатта пайдалану айыбымен ұзақ мерзімдерге сотталды. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек редакциясы сот органдарындағы дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады, деп жазады Азаттық радиосы.
Аты-жөнін атауды қаламаған шенеунік 25 маусымда Азаттықтың Өзбек редакциясына Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Бұхара облысындағы басқармасының бұрынғы басшысы Рустам Азимовтың 24 маусымда 14 жылға сотталғанын хабарлады. Сот жабық түрде өткен.
Шенеунік Азимовтың бұрынғы төрт серігі 16 жылдан 18 жылға дейінгі мерзімдерге сотталғанын да айтты. Бұған қоса, Бұхарадағы уақытша қамау абақтысының бұрынғы төрт қарауылы да азаптау және қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану бабымен әрқайсысы 18 жылға сотталған.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 2016 жылы билікке келгелі Өзбекстандағы адам құқықтары жағдайын жақсартып, билік органдарының, оның ішінде қауіпсіздік қызметі мен Ішкі істер министрлігінің құзыретін шектегісі келеді.
Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы бұрынғы президент Ислам Каримов қайтыс болғанға дейін жариялаған есебінде Өзбекстанда азаптаудың кең таралғанын айтқан.
2017 жылы қарашада Мирзияев соттардың азаптау арқылы алынған дәлел мен айғақты есепке алуына тыйым салатын жарлық шығарған. Бірақ азаматтардың құқық қорғау органдарында азаптау көргені туралы шағымы азаяр емес.
Мирзияев бұған дейін Өзбекстан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің жұмысын Сталин тұсындағы НКВД-нің 1937-1938 жылдардағы репрессиясымен салыстырған.
Биыл қаңтардың соңында Мирзияев Мемлекеттік қауіпсіздік қызметін 23 жыл үздіксіз басқарған Рустам Иноятовты қызметінен босатқан. Одан кейін қауіпсіздік қызметінің жоғары шенді бірнеше шенеунігі қызметінен алынып, тұтқындалған.