Қазақстандық дизайнерлердің киім үлгілері Париж жұртын сүйсіндірді

0
2 618

Мода саласының кәсіпқойлары бірлесіп жұмыс істеуге ынта танытқан.


Қазақстандық дизайнерлердің киім үлгілері Париж жұртын сүйсіндірді

ERNUR.KZ. Қазақстанның бірнеше дизайнері сәнді киім жиынтықтарын Парижде көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл шара Франциядағы елшілігіміз ұйымдастырған Қазақстанның күзгі мәдени маусымы бағдарламасына енген. Дефилеге мода саласының сыншылары мен кәсіпқойлары қатысты. Сәнді киім үлгілерін көрсетумен қатар біздің кутюрье кеш қонақтарына елімізге виртуалды экскурсия өткізген.

Қазақстан елшілігі бір кеште сәнді киім алаңына айналды. Моданың астанасы саналатын Парижде өз жиынтығын көрсету кез-келген дизайнер үшін үлкен сын. Десек те, байқауға қатысушылар батыл қадам жасады. Төрт жиынтық түгелімен дәстүрлі қазақ мәдениетіне негізделген. Жұртқа ұнағаны да осы ерекшелігі.

Үзілістерде өнерпаздар ұлттық билерімізді орындады. Сондай-ақ, қонақтарды елімізге виртуалды экскурсия жасауға шақырды. Ұйымдастырушылар, сән әлемі арқылы өз еліміздің танымалдылығын арттырамыз деп сенеді.

– Бүгін бізге ұсынылған мода Еуропа жұртшылығы үшін қызық. Күнделікті тұрмыста киюге болатын өте ерекше екі көйлек көзіме түсті. Қалған киім де өте әдемі. Түсі жұмсақ, бояулары ашық, мұның бәрі тарихты еске салады, - дейді сәнді брендтер девелопері Питер Прада.

– Байқауға қатысқаныма өте ризамын, өйткені өзім үшін жоғары деңгейдегі дизайнерлерді көрдім. Әрқайсысының жеке мәнері бар, көйлектері, шалбарлары мен аяқ киімдерінің пішіні, матасы, әшекейлері мен аксессуарлары жоғары сапалы. Қалпақтары да, - деді Мари Леруа-Лена.

Мәлика Үсіпова, Эльза Қалиева, Гүлзира Темірғалиева, Жұлдыз Құспанова –осы байқаудың дизайнерлері, кәсібін өрлеткен іскер әйелдер. Дефиленің тағы бір мақсаты – табысты қазақстандық әйелдің кейпін көрсету еді.

– Дизайнер болуды армандайтын қызыма өз жиынтығын суретке салуды ұсындым. Ол өте шабыттанып, бір түннің ішінде салып берді. Оны жаз бойы тіктік. Бүгін оны қонақтарға көрсеттік. Өте көп жылы сөз естігеннен кейін, көңіліміз көтеріліп, осы жұмысымызды жалғастырғымыз келеді, - дейді «Мария-ханым» сән үйінің бас директоры Жұлдыз Құспанова.

– Жұрт жақынырақ танысып, ынтымақтастық орнатқысы келгенін көрдік. Сол себептен қазақстандық дизайнерлердің болашағы бар деп ойлаймын, - дейді көрсетілімнің ұйымдастырушысы Сәуле Қайсар.

Қазақстандық дизайнерлердің дефилесі Париж көрермендерінің көңілінен шықты. Ал мода саласының кәсіпқойлары бірлесіп жұмыс істеуге ынталы.