Фото: facebook.com/SanAbishev
ERNUR.KZ. Ұлыбританияда муниципалды сайлау өтіп, оның қорытындысы бойынша қазақстандық Санжар Әбішев Лондонның орталық аудандарының бірі Вестминстер кеңесінің депутаты болды. Ол St James’s округінен Консервативті партия атынан сайланды, - деп жазады Tengri Life.
Westminster City Council жариялаған нәтижелерге сәйкес, Санжар Әбішевке 974 адам дауыс берген. Ол консерваторлар атынан түскен Тим Митчелл және Марк Ангус Ширермен бірге округтегі жеңімпаздар үштігіне енді. Округтегі сайлаушылардың келуі 33,8 пайыз болған: тіркелген 6821 сайлаушының 2303-і дауыс берген.
Әбішев St James’s округінде Консервативті партияның кандидаты болды. Сайлау қорытындысы бойынша оның партиясы Вестминстер кеңесінде көпшілік дауысқа ие болды - 54 орынның 32-сін иеленді. Лейбористерде 22 мандат бар.


