Халқының 80 пайызы вакцина алған Израильге 4-ші локдаун қаупі төніп тұр

0
654

​Коронавирустың «дельта» штамынан ауруханаға түсушілер көбейіп, маска тағу мен карантинге алу тағы да міндетке айналып, екпе салдырғандар үшінші дозаға мұқтаж болып отыр.


Халқының 80 пайызы вакцина алған Израильге 4-ші локдаун қаупі төніп тұр

ERNUR.KZ. COVID-19 вирусына қарсы вакциналау науқанын кең ауқымда жүргізудің арқасында алғашқылардың бірі болып қайта ашылған Израиль бұл жолы «дельта» түріндегі коронавирустың таралуына байланысты тағы да елең-алаң күйге түсіп отыр, деп жазады inbusiness.kz.

Маскаға қатысты талаптар, соның ішінде, оны үлкен әрі ашық жиналыстарда тағу қайтадан міндетке айналды. Көптеген мекеме адамдардан вакцина алғаны туралы құжатты, COVID-19 тестінің теріс нәтижесін немесе вирустан оңалғанын көрсететін дәлелдерді бұрынғыдай сұрай бастады.

Шет мемлекеттерден оралғандар, тіпті толық вакцина алса да, кем дегенде бір апта карантинде болуы керек. 60 жастан асқан адамдарға Pfizer Inc вакцинасын үшінші рет салу ұсынылып отыр,қосымша екпе қатты науқастанғандардың көбеюіне жол бермейді деген үміт бар.

Елдің денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, егер ересектерді вакциналау деңгейін 80% -ға дейін жақсартпаса және ревакциналау жұмыстарын үдетпесе, қыркүйек айында еврейлер мерекесі кезінде Израильге төртінші локдаун қаупі төнуі мүмкін екенін ескертеді. Бір айдан астам уақыт бұрын Израильдегі күнделікті өмір тез қалпына келе бастаған еді. Адамдар жабық кеңістікте түскі ас ішіп, концерттерге барып, иесінің толық вакциналанғанын көрсету үшін телефондарда сақталатын «жасыл жолдама» атты сандық сертификатты қажет етпеді.

Бірақ коронавирустың анағұрлым жұқпалы варианты, «дельта» - тактиканы өзгертуге мәжбүрлеп, тіпті халықты вакциналау деңгейі жоғары елдерде де пандемия күшейе алатынын ескертіп отыр.

«Бұл өте қорқынышты. Pfizer екпесін үшінші рет алуға шешім қабылдадым. Өзімді супермендей сезіну үшін маған иммунитетті күшейткіш доза қажет»,–дейді Иерусалимнің 61 жастағы тұрғыны Рена Магун Американың «Уолл Стрит Джорнал» газетіне берген сұхбатында.

Вакциналау деңгейі жоғары елдерде, әсіресе, Ұлыбританияда, «дельта» инфекциясы өршігенімен, ауруханаға түсушілер аз болды. Сондай-ақ олардың саны, ресми мәліметтерге сәйкес, тамыз айының басына дейін төмендей бастаған. Денсаулық сақтау сарапшылары Израильдің Ұлыбританияның траекториясын (ауруларды көбейтпеу) ұстанғанын мұқият қадағалап отыр. Әйтпесе, бұл басқа елдер үшін алаңдатарлық белгі болуы мүмкін.

Тамыз айының басынан бері Израильде вирустан қатты ауырғандардың саны күрт, екі есеге көбейіп, 9 миллион адамға шаққанда 400-ге дейін жеткен. Бұл пациенттердің 240-ы вакциналанған екен. Ал, премьер-министр Нафтали Беннет сейсенбіде 50 жастан асқан пациенттердің үлесі ауыр жағдайлардың 90%-ын құрайтынын мәлімдеді.

«Мен 50 жастан асқан әрбір Израиль азаматынан алдағы аптада өте сақ болуды өтінемін»,– дейді министрлер кабинетінің жетекшісі.

Ауыр жағдайлардың саны төмен болғанымен, өсу қарқыны алаңдаушылық тудырып отыр. Қазір жергілікті госпитальдер пандемияның алғашқы күндеріндегідей пациенттердің үлкен легіне дайындалып жатыр: бір аптадан бері күніне орта есеппен 4000-ға жуық жаңа жағдай тіркеліп жүр. Аурудың өршуін тоқтату мақсатында және көптеген вакциналанған израильдіктердің тағы да науқастануына жол бермеу үшін Израиль өткен айда 60 жастан асқандарға Pfizer препаратының үшінші дозасын тиімділік туралы клиникалық дәлелдерсіз ұсына бастаған алғашқы елдердің бірі атанды. Бұл шешім зерттеулерінің алдын-ала қорытындысы осы жас тобындағы вакциналанған адамдардың қатты науқастанудан қорғаныс деңгейі сәуір айының ортасындағы 97%-дан 81% - ға дейін төмендегенін көрсеткеннен кейін қабылданып отыр.

Израильдегі ең ірі «Шиба» медициналық орталығының зерттеушілері вакцина тиімділігінің төмендеу тенденциясын тез анықтады. Желтоқсан айында екпе алған медицина қызметкерлерінің ай сайынғы қан анализі антиденелер деңгейінің төмендеуін және маусымға дейін олардың айтарлықтай құлдырағанын көрсете бастаған.

«Бұл өте алаңдатарлық жағдай. Шамамен алты айдан кейін біз қызметкерлерімізде антиденелер азайып, Израильде пациенттердің саны артып келе жатқанын түсіндік. Бұл ахуал «дельта» штамының өршуімен қатар байқалды», – дейді осы ауруханалар желісінің жоғары лауазымды қызметкері Арнон Афек.

Коронавирусқа қарсы қорғаныстың айқын төмендеуі - «дельта» нұсқасымен немесе иммунитеттің әлсіреуімен байланысты ма, әлде осы екі фактордың қосындысынан туындаған проблема ма? Израиль сарапшылары бұл сауалдарға әзірге жауап тапқан жоқ. Егер үшінші компоненттің ауыр жағдайларды азайту жолында тиімділігі байқалса, Израиль «дельта» ауруының өршуіне жол бермеу үшін 50 жастан асқандарға күшейткіш доза егу ауқымын кеңейту жолдарын қарастырмақ.

«Егер күшейткіш вакцина егу науқаны қатты науқастану оқиғаларын азайтса, онда үшінші доза пандемияға қарсы күшті құралға айналады», – дейді Израиль денсаулық сақтау министрі Ницан Горовиц.

АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмектер әкімшілігі қыркүйек айының басында COVID-19 вакцинасының үшінші дозасын салуға қатысты стратегиясын әзірлеуді жоспарлап отыр. Онда вакциналанған адамдардың келесі инъекцияларды қашан және қай уақытта алуы керектігі көрсетілмек. Ал, Франция мен Германия үкіметтері күшейткіштер жақында қолжетімді болуы керек деп мәлімдеді.

Ревакциналау науқанының іске қосылуы – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының үшінші дозаға қыркүйектің соңына дейін мораторий жариялау талабына қайшы. Айта кетсек, қазір кедей елдерде вакцина тапшылығы проблемасы шұғыл шешімді қажет етіп отыр. Израиль үкіметі 60 жастан асқан алты жүз мыңнан астам израильдіктің Pfizer екпесінің үшінші компонентін немесе күшейткішін алғанын мәлімдеді. Оны салдыру үшін екінші дозадан кейін кемінде бес ай өтуі керек екен.

Сонымен қатар, қазір үкімет вирустың таралуын тоқтату шараларын қатаңдатуды қарастырып жатыр. Енді Израиль полициясының көшелер мен сауда орталықтарын күзетіп жүргенін, үйлену тойлары мен басқа да іс-шараларда адамдардың бетперде тағатынын және халықтың толық вакциналаудан өтіп жатқанын көруге болады. Ал, санитарлық ережелерді бұзғандар үлкен айыппұл төлеуге тиіс.