Ауру ошағы елдің солтүстік-шығысындағы Итури провинциясында анықталды. Жұқтыру жағдайларының бірі Буния қаласындағы Евангелиялық медициналық орталықта тіркелген.
Фото: ТАСС
ERNUR.KZ. Конго Демократиялық Республикасы аумағында Эбола безгегінің жаңадан өршуі жалғасып жатыр. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, көз жұмғандар саны 80 адамға жетті, деп жазады inform.kz.
Ауру ошағы елдің солтүстік-шығысындағы Итури провинциясында анықталды. Жұқтыру жағдайларының бірі Буния қаласындағы Евангелиялық медициналық орталықта тіркелген. Онда Эболаға тән жоғары температура, қан кету, құсу және қатты әлсіздік белгілері байқалған медбике қайтыс болды.
Конго Демократиялық Республикасы үкіметі жедел штаб құрылғанын және эпидемиологиялық бақылау күшейтілгенін мәлімдеді. Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары Конго Демократиялық Республикасы, Уганда, Оңтүстік Судан және халықаралық серіктестер өкілдерінің қатысуымен трансшекаралық мониторингті күшейту мәселесіне арналған шұғыл кеңес өткізді.
Алдын ала зерттеулер анықталған вирус нұсқасы бұрын кең таралған «заирлік» штамнан өзгеше болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Қазіргі вакциналар мен емдеу тәсілдері дәл осы штамға қарсы әзірленген.
Індетпен күресті қолдау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бунияға бес тоннаға жуық гуманитарлық және медициналық жүк жеткізіп жатыр. Оның ішінде қорғаныс құралдары, зертханалық жабдықтар, науқастарды емдеуге арналған материалдар және алдыңғы шепте жұмыс істейтін дәрігерлерге арналған мобильді шатырлар бар.
Мохамед Джанаби ұйым вирустың таралуын тоқтатып, құрбандар санының артуына жол бермеу үшін қосымша ресурстар мен сарапшыларды жедел жұмылдырып жатқанын айтты.
Қазіргі індет – Эбола вирусы 1976 жылы анықталғаннан бері Конго Демократиялық Республикасы тарихында 17-мәрте өршіп отыр. Жағдайды Итуридегі гуманитарлық дағдарыс, қарулы зорлық-зомбылық және этносаралық қақтығыстар күрделендіріп отыр.


