Көрші ел президенті заңға өлім жазасын енгізуі мүмкін

0
319

Мемлекет басшысы бұл мәселе «жалпыхалықтық дауыс беру арқылы шешілуі мүмкін» екенін атап өтті.


Көрші ел президенті заңға өлім жазасын енгізуі мүмкін

ERNUR.KZ. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елде өлім жазасын қайта енгізу туралы заң жобасы жалпыұлттық референдумға шығарылуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ.

Президенттің айтуынша, ең алдымен Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылады.

“Одан кейін Конституциялық сот заң жобасына қорытынды береді. Кейін бұл мәселе референдум арқылы қабылдануы ықтимал “, — деді Садыр Жапаров.

Мемлекет басшысы бұл мәселе «жалпыхалықтық дауыс беру арқылы шешілуі мүмкін» екенін атап өтті. Ол қазіргі уақытта Қырғызстанда өлім жазасына тыйым салынғанын және әр адамның өмір сүруге құқығы бар екенін еске салды.

“Егер халықтың көпшілігі қолдаса, жаңадан сайланатын Жогорку Кенеш халықаралық келісімдерден шығу және қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізу жөніндегі заңдарды қабылдауға тиіс”, — деді Жапаров.

Президенттің бастамасы елде бірнеше күн бұрын болған 17 жастағы қыздың резонансты өлімімен байланысты. Осы оқиғадан кейін Садыр Жапаров аса ауыр қылмыстарға қатысты өлім жазасын қайта енгізу қажеттігін ұсынды.

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозовтың айтуынша, мемлекет басшысы Президент әкімшілігінің құқықтық қамтамасыз ету басқармасының жетекшісі Мұрат Укушевке заңнамаға өзгерістер дайындауды тапсырған.

“Негізінен балаларға, қыздарға және әйелдерге қарсы жасалатын ауыр қылмыстар үшін жазаны күшейту қарастырылып отыр. Атап айтқанда, балаларды зорлау, сондай-ақ әйелдерді зорлап өлтіру үшін өлім жазасын енгізу туралы норма ұсынылады, — деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, Қырғызстанда өлім жазасына екі жылдық мораторий алғаш рет 1998 жылы енгізілген. Кейін ол бірнеше рет ұзартылып, 2007 жылы Конституцияға өлім жазасын алып тастайтын түзетулер енгізілген еді.