Көшіп барғаны үшін азаматтарға 42 миллион теңгеге дейін төлейтін елдердің тізімі жарияланды

0
236

Еуропа шағын қалалар мен ауылдардың азаюы салдарымен күресіп жатыр.


Көшіп барғаны үшін азаматтарға 42 миллион теңгеге дейін төлейтін елдердің тізімі жарияланды
Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Көшіп барғаны үшін азаматтарға 42 миллион теңгеге дейін төлеуге дайын елдер тізімі жарияланды, деп жазады stan.kz.

Еуропа шағын қалалар мен ауылдардың азаюы салдарымен күресіп жатыр. Жергілікті экономиканы жандандыру үшін Италия, Испания, Ирландия және Шотландия биліктері шетелдіктерге субсидиялар, бизнес гранттары мен тегін тұрғын үй ұсынбақ.


Италия

Халқы мыңға жетпейтін ортағасырлық Радикондоли қаласы жаңа тұрғындарды тарту бағдарламасын іске қосты. Бұл мақсатқа жергілікті билік 400 мың еуродан (238 732 000 теңге) астам қаражат бөлген.

Қала мэрі Франческо Гуаргуальинидің айтуынша, бағдарлама аясында тұрғын үй сатып алуға гранттар, жасыл энергетикаға субсидиялар және студенттерге қолдау білдіріледі. Сонымен қатар, билік алғашқы екі жыл ішінде тұрғын үйді жалға алу құнының жартысын өтеуге дайын.

Мэрдің сөзінше, қаладағы көптеген үйлер нақты нарықтық бағасын сақтаған әрі бар жағдайы жасалған. Сондықтан көшіп келгендерге күрделі жөндеу жүргізудің қажеті жоқ дейді.

Бағдарламаға қатысу үшін тұрғын үй сатып алғандар қалада кемінде 10 жыл, ал жалға алғандар кемінде 4 жыл тұруы тиіс. 2023 жылдан бері Радикондолиге шамамен 60 адам қоныс аударған. Бұл халқы мыңға жетпейтін елді мекен үшін айтарлықтай өсім саналады.


Испания

Испанияның бірнеше ауылдары мен аймақтары, соның ішінде Астурия және Экстремадураға жаңа тұрғындар іздестіріліп жатыр. Дегенмен, бюрократиялық процестер күрделі, сондықтан көшу үдерісін жеңілдету үшін делдалдық жобалар пайда болған.

Holapueblo платформасы кәсіпкерлерді тұрғын үй, инфрақұрылым және бизнес қолдауын ұсынуға дайын муниципалитеттермен байланыстырады. Қатысу үшін сізде бизнес идея, Испанияда тұру және жұмыс істеу құқығы болу керек.

Volver al Pueblo сияқты ұқсас жоба ауылдық жерлерде тұрғын үй, жұмыс орындары және жер ұсынып, көшу процесіне көмектеседі.


Ирландия

Ирландия ең жомарт қолдау бағдарламаларының бірін ұсынып отыр. Our Living Islands атты мемлекеттік саясат аясында билік аралдардағы елді мекендерге тұрғындар тартуды мақсат еткен.

Үкімет құрлықпен көпір арқылы қосылмаған 30 аралдың бірінен бос тұрған үйді сатып алып, қалпына келтіретін азаматтарға 70 мың еуроға дейін (шамамен 42 миллион теңге) грант бермек.

Негізгі грант мөлшері – 50 мың еуроға дейін. Ал егер ғимарат апатты деп танылса, қосымша 20 мың еуроға дейін (шамамен 12 миллион теңге) алуға болады. Қаражатты үйді жөндеуге және қайта жаңғыртуға жұмсауға рұқсат етіледі. Алайда үй 2007 жылға дейін салынған және кемінде екі жыл бос тұрған болуы шарт.


Сардиния

Сардиния билігі ауылдық жерлерде халықтың азаюына қарсы күрес үшін кешенді бағдарламаны іске қосты. Халқы 3 мыңнан аспайтын елді мекендерге көшіп келген азаматтарға үй сатып алу немесе жөндеу үшін, кемінде бес жыл тұру шартымен, 15 мың еуроға дейін қаржылай көмек көрсетіледі.

Сонымен қатар, отбасыларға қосымша төлемдер қарастырылған. Алғашқы балаға ай сайын 600 еуро (шамамен 360 мың теңге), ал келесі әрбір балаға 400 еуро (шамамен 240 мың теңге) төленеді. Бұл төлемдер балалар бес жасқа толғанға дейін беріледі.

Бұдан бөлек, жергілікті қауымдастықта жаңа жұмыс орындарын ашатын бизнес бастау үшін 20 мың еуроға дейін (шамамен 12 миллион теңге) грант алуға болады.


Шотландия

Кейбір ұсыныстар тұрақты қоныс аударуға емес, уақытша жұмыс істеуге арналған. Мәселен, Шотландияның жабайы табиғат қоры Сазерленд жағалауындағы Ханда аралына орманшы іздеп отыр.

Қызметкерге тегін тұрғын үй беріліп, ай сайын шамамен 5 мың еуро (шамамен 3 миллион теңге) жалақы төленеді. Міндеттеріне теңіз құстары популяциясын бақылау және қорықтың экологиялық жағдайын қадағалау кіреді.

Алайда тұрмыс жағдайы айтарлықтай оқшау: азық-түлік пен тұрмыстық қызметтер үшін, ауа райы қолайлы болған жағдайда ғана, қайықпен құрлыққа қатынауға тура келеді.


Неліктен елдер азаматтарға көшіп келу үшін ақша төлейді?

Мұндай бағдарламалар демографиялық және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған шара. Еуропаның көптеген ауылдары мен шағын қалаларында халық санының азаюы, тұрғындардың қартаюы және жұмыс орындарының тапшылығы байқалады.

Қаржылай ынталандыру жас отбасыларды, кәсіпкерлерді және қашықтан жұмыс істейтін мамандарды тартудың бір жолы ретінде қарастырылады. Олар жергілікті экономиканы жандандырып, инфрақұрылымды сақтауға және дамытуға үлес қосады.


Маңызды шарттар мен тәуекелдер

Сарапшылар мұндай ұсыныстарды “тегін ақша” деп қабылдауға болмайтынын ескертеді. Көп жағдайда олар ұзақ мерзімді тұруды, жылжымайтын мүлік сатып алуды немесе бизнеске инвестиция салуды талап етеді. Сонымен қатар салықтар, өмір сүру құны, виза талаптары және құқықтық міндеттемелер де ескерілуі тиіс.

Өтінім бермес бұрын бағдарламалардың ресми шарттарын мұқият зерттеп, заңгерлермен немесе көші-қон саласының мамандарымен кеңескен жөн.