Күннің жанынан Жерден он есе үлкен құсқа ұқсас нысан байқалды

0
195

Оның қанатының ұзындығы шамамен 150 000 шақырым.


Күннің жанынан Жерден он есе үлкен құсқа ұқсас нысан байқалды

Фото: Күн астрономиясы зертханасы

ERNUR.KZ. Күнге дейінгі арақашықтығы шамамен 2 миллион шақырым болатын, ал "қанатының" ұзындығы 150 мың шақырымға жететін таңғажайып объект ғарыштан түсірілген суретте анық байқалды, деп жазады stan.kz.

Ресей Ғылым академиясының Қолданбалы математика институтына қарасты Күн астрономиясы зертханасының дерегінше, 24 мамырда UTC бойынша 10:00-де (Астана уақытымен 16:00-де) LASCO телескоптары түсірген суретте, Күннің жанында құсқа немесе ұшатын аппаратқа ұқсайтын құрылым анық көрінеді. Оның артында ұзын "жарқыраған із" де байқалады.

Ғалымдардың айтуынша, суретте нағыз қанаттарын жайған құс немесе от шашып бара жатқан ұшатын құрылғы секілді нәрсе көрінеді. Оның қанатының ұзындығы шамамен 150 000 шақырым. Бұл объект Жерден 10 есе үлкен, ал Күннен 2 миллион шақырым қашықта орналасқан.

Мамандар бұл құбылысты ғылыми тұрғыдан талқылауға ұсыныс жасады.

"Бұл жолы кез келген нұсқа мен пікірге рұқсат етіледі, өзге ғаламшарлықтар, плазмалық тіршілік иелері немесе астыртын теориялар да талқылануы мүмкін", – деп жазды.

Айта кетейік, 2012 жылдың наурызында NASA орбиталық телескобы Күннің бетіне жақын маңда алып, қара түсті, планета көлеміндегі шар тәрізді объектті түсіріп алған еді. Сол кезде кейбір блогерлер оны "Жұлдыздар соғысы" фильміндегі "Өлім жұлдызына" ұқсатқан.

Алайда NASA сарапшылары бұл құбылысты қызып шыққан газ, яғни Күннің бетінен атылып шыққан және жұлдыздың магниттік өрісімен ұсталып тұрған плазмалық зат ретінде түсіндірді. Қазір "құс тәрізді" объект те осындай астрономиялық құбылыс па әлде расында беймәлім ғарыштық құрылғы ма, осы туралы ғылыми пікірталас жалғасып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін ғалымдар Жерден 124 жарық жылына тең қашықтықта орналасқан К2-18b экзоғаламшарынан тіршілік белгісін анықтады. Кембридж университетінің ғалымдары "Джеймс Уэбб" телескобын пайдалана отырып, K2-18b экзоғаламшарының атмосферасынан тірі организмдер өндіретін екі молекуланың – диметилсульфид пен диметилдисульфидтің бірінің ізін анықтады. Жерде бұл газдарды теңіз фитопланктондары мен бактериялар шығарады.