Аталған тақырып парламентте талқыланып жатыр.
Фото: pixabay
ERNUR.KZ. Қырғызстан билігі қоғамдық орындарда никаб кигендерге 20 мың сом (118 мың теңгеден аса) айыппұл салмақ, деп жазады stan.kz.
Аталған тақырып парламентте талқыланып жатыр. Ал айыппұл салу мәселесі "Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы" заң жобасында көрсетілген. Қырғызстан билігі қылмыстық кодексті 127.1-бабымен толықтыруды ұсынды. Бұл мемлекеттік органдарда және қоғамдық орындарда азаматты анықтауға мүмкіндік бермейтін киім киюге қатысты.
Дегенмен депутат Дастан Бекешев 20 мың сом айыппұлды азаматтар үшін тым көп деп есептейді.
"Бетін жасырғаны, никаб немесе паранжа кигені үшін 20 мың сом айыппұл қарастырылады. Никабты халықтың әлеуметтік осал топтарындағы әйелдер киеді. Мен никаб киген жақсы табысы мен білімі бар әйелдерді сирек кездестіремін", – деді депутат Дастан Бекешев.
Бұған дейін Дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссия қоғамдық орындарда никаб киюге тыйым салатын норманы демократия қағидаттарына қайшы келеді деп есептеп, заң жобасынан алып тастауды сұраған еді.
26 желтоқсанда Парламентте діни саладағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралды.
Айта кетейік, бұған дейін Тәжікстанда әйелдерге хиджаб пен никаб киюге тыйым салынған еді. Онда тәжіктердің ұлттық киімдері "ханафи мәзһабы талаптарына толық сәйкес келеді" делінген. Сондықтан ел тұрғындарына "белгілі бір мақсатпен насихатталған мәдениет пен дінге жат" киімдерді киюден бас тартуға кеңес берілген.