Қырғызстанда соңғы рет өлім жазасы 1998 жылы орындалған.
фото: Midjourney
ERNUR.KZ. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өлім жазасын енгізуді тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов хабарлады, деп жазады tengrinews.kz.
"Бұл ретте мемлекет басшысы Президент әкімшілігінің Құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Мұрат Укушевке заңнамаға балалар мен әйелдерге қарсы жасалған қылмыстар үшін жауапкершілікті арттыруды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізуді пысықтауды тапсырды", – деп жазды Асхат Алагөзов Facebook-парақшасында.
Атап айтқанда, әңгіме балаларды зорлау, сондай-ақ әйелдерді зорлап, өлтіргені үшін өлім жазасын енгізу туралы болып отыр.
Жапаровтың баспасөз хатшысы президент кәмелетке толмаған Айсұлудың (Айсулуу) ерекше қатыгездікпен өлтірілгені туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын және іс оның жеке бақылауында екенін атап өтті.
Айта кетейік, Қырғызстанда соңғы рет өлім жазасы 1998 жылы орындалған. Сол уақыттан бері елде өлім жазасына мораторий қолданылады. 2007 жылы өлім жазасы ресми түрде жойылды, ал 2010 жылы Қырғызстан өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші факультативтік хаттамасын ратификациялады.
Ыстықкөлде 17 жастағы қыз айуандықпен өлтірілген
27 қыркүйекте Ыстықкөлде 17 жастағы Айсұлу (Айсулуу) жоғалып кеткен. Ол көрші ауылдағы құрбысына қонаққа барып, кейін байланысқа шықпай қалған. 29 қыркүйекте оның денесі Боом шатқалынан табылды. Күдікті ретінде 41 жастағы Бішкек тұрғыны ұсталды.
Тергеу кезінде ер адам қызды ұрлағанын, зорлағанын және өлтіргенін мойындады. Айсұлудың денесін өзеннің маңына көмген. Алайда, біраз уақыттан кейін ол қайтып барып, мәйітті қазып алып, Боом шатқалына тастаған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, ұсталған адамға бұған дейін жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады деген айып тағылған, бірақ жазадан құтылып кеткен.