Ауа райының күрт нашарлауына байланысты биылғы альпинизм маусымы да жабылды.
Оңтүстік Иныльчек базалық лагерінің басшысы Дмитрий Грековтің айтуынша, 2026 жылы шыңға үш топ көтерілуге талпынған. Солардың бірі Наговицина қаза тапқан жерге ең жақын барған - альпинистер шамамен 6500 метр биікке дейін көтерілгенімен, одан әрі ілгерілей алмаған.
Қазір жағдай одан сайын қиындай түскен. Грековтің сөзінше, базалық лагерьдің өзінде жарты метрге жуық қар түскен. Осыған байланысты Жеңіс шыңына көтерілу маусымы тоқтатылған.
Наговицинаның оқиғасы
Наталья Наговицина 2025 жылғы 12 тамызда басқа альпинистермен бірге биіктігі 7439 метр болатын Жеңіс шыңына көтерілген. Төмен түсу кезінде аяғын сындырып, әрі қарай жүре алмай қалған.
Әйел шамамен 7200 метр биікте көмек күтіп қалған. Оған басқа альпинистер мен құтқарушылар бірнеше рет жетуге тырысқанымен, ауыр ауа райы бұған мүмкіндік бермеген. Тікұшақпен эвакуациялау да мүмкін болмаған.
23 тамызда Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігі Наговицинаның қаза тапқан болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бірнеше күннен кейін дрон оның жатқан жері маңынан тіршілік белгісін байқамаған.
Қайғылы оқиғадан кейін ереже өзгерді
Альпинист қаза тапқаннан кейін Қырғызстан билігі Жеңіс шыңына көтерілу талаптарын күшейтті. Енді бағытқа шығу үшін арнайы рұқсат қажет.
Мұндай рұқсат саны шектеулі. Оны жеткілікті тәжірибесі бар альпинистер ғана ала алады.


