Қытайдың солтүстігіндегі ғимарат өртеніп, 14 адам қаза тапты

0
147

Синьхуа мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, дүйсенбі күні таңертең қаза тапқандар саны 14 адамға жеткен.


Қытайдың солтүстігіндегі ғимарат өртеніп, 14 адам қаза тапты

Фото: CCTV

ERNUR.KZ. Қытайдың солтүстігіндегі Шаньси провинциясының орталығы Тайюань қаласында көпқабатты ғимарат өртеніп, 14-ке жуық адам көз жұмды, деп жазады inform.kz.

Билік өкілдерінің мәліметінше, жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 16:59-да Инцзэ ауданындағы Haosheng International Apartments ғимаратында өрт шыққан.

Өрт сөндірушілер сағат 19:00-де жалынды толық сөндіріп, іздестіру-құтқару жұмыстарын 20:30-да аяқтады. Ал ауруханаға жеткізілген 38 адамның бесеуі жексенбі күні кешке көз жұмды.

– Қазір зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіліп, төтенше жағдайдан кейінгі жұмыстар толық көлемде қолға алынды. Өрттің шығу себебі тексеріліп жатыр, – деп хабарлады аудан әкімшілігі.

Синьхуа мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, дүйсенбі күні таңертең қаза тапқандар саны 14 адамға жеткен.

Бұған дейін Қытайдың шығысындағы Фуцзянь провинциясының Цзиньцзян қаласындағы аяқ киім фабрикасында болған өрттен кейін іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталып, 28 адамның қаза тапқаны хабарланған болатын.