Адвокат Шердор Абдыкапаровтың блогер Айбек Улановқа қатысты қылмыстық іс қозғау туралы мәлімдемеге қол қоюға шақыруына мыңдаған қырғызстандық үн қосты.
ERNUR.KZ. Қырғызстандық блогер Айбек Уланов мектепке 20 жылдық кездесуге барып, қызғаныш құрбаны болып, күйеуінің қолынан қаза тапқан Айзирек Эралиеваның ар-намысына нұқсан келтіретін ақпарат таратқаны, сондай-ақ өшпенділік пен араздықты қоздырғаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін, деп жазады baq.kz.
Адвокат Шердор Абдыкапаровтың блогер Айбек Улановқа қатысты қылмыстық іс қозғау туралы мәлімдемеге қол қоюға шақыруына мыңдаған қырғызстандық үн қосты. Ол Улановты қаза тапқан әйелдің ар-намысына нұқсан келтіретін ақпарат таратқаны, сондай-ақ өшпенділік пен араздықты қоздырғаны үшін жауапқа тартуды талап етті. Бұл туралы 24.kg ақпарат агенттігіне бастамашыл топ хабарлады.
Олардың мәліметінше, петицияға 13 мың 700 адам қол қойған, қол жинау жалғасуда.
Бұған дейін Шердор Абдыкапаров "Ішкі істер басқармасына ұжымдық өтініш" дайындап, блогерді адам өлтіруді жария түрде ақтады және жалған ақпарат таратты деп қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап еткен.
Бішкек қалалық ІІБ бұл мәлімдемені қабылдап, оған 100 адам келіп қол қойған. Тергеуші блогердің әлеуметтік желілердегі пікіріне лингвистикалық сараптама тағайындағаны белгілі болды. Еске салайық, Айбек Уланов Threads платформасында:
"Егер әйеліңіздің мектеп бітіргендеріне арналған жиында сыныптасымен жыныстық қатынасқа түскенін біліп қалсаңыз, қалай әрекет етер едіңіз?" - деп жазып, қаза тапқан әйелдің суретіне ұқсас арт-кескінді жариялаған.
Бұл жазба әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызды. Олар блогерді жауапқа тартуды талап етті.
Кейінірек Айбек Уланов кешірім сұрауға мәжбүр болды. Алайда көпшілік бұл кешірімді жеткіліксіз деп санады.
Сондай-ақ, Айбек Улановтың марқұм Айзирек Эралиеваны қорлаған бауыры адвокат Шердор Абдыкапаровқа қоқан-лоқы көрсеткені үшін милиция қызметкерлері тарапынан ұсталғаны белгілі болды.
Еске сала кетейік, Қырғызстанның Ош облысы Қара-Кұлжа ауданының 38 жастағы тұрғыны Айзирек Эралиеваны күйеуі өлтірген. Марқұмның туыстарының айтуынша, 26 мамыр күні әйел мен күйеуі мектепте өткен 20 жылдық кездесу кешіне қатысқан. Бұл оқиға күйеуінің қызғанышын туғызып, ол әйелін ұрып, артынша атып тастаған.
Айзирек Эралиеваның өліміне байланысты Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 122-бабы ("Кісі өлтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс материалдары Қара-Кұлжа аудандық ішкі істер бөліміне берілген. Күдікті ретінде марқұмның күйеуі қамауға алынды. Ол екі айға қамауға алынып, сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Айзирек Эралиева бес баланың анасы болған. Үлкен ұлы – 17 жаста, Бішкектегі колледжде оқиды. Екінші ұлы 9-сыныпты бітірген, үшінші баласы – 11 жаста. Сонымен қатар жеті жастағы қызы мен төрт жастағы кенже қызы қалған. Күдіктінің туған інісі балаларды қамқорлығына алуға дайын екенін мәлімдеген.