Елде қосымша ақы алуға тыйым салынған туралы тәртіп енгізілген.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Түркияның Сауда министрлігі тағамдардың бағасына қызмет көрсету ақысын қосқан қоғамдық тамақтану орнына 1,8 млн түрік лирасынан (шамамен 41 мың АҚШ доллары) астам айыппұл салды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Ақпан айының басында Түркияда мейрамханаларға, кафелерге, локанттарға (дәстүрлі түрік асханалары) және кондитерлік орындарға клиенттерден кез келген қосымша ақы алуға тыйым салатын қаулы күшіне енді.
Жаңа ережеге сәйкес, мәзірде көрсетілген баға нақты әрі соңғысы болуы тиіс, ал тұтынушылардан тапсырыс берген тағамдар мен сусындардың құнынан артық ақы алуға болмайды. Барлық қосымша төлем алдын ала мәзірде нақты әрі анық көрсетілуі керек.
Осыдан кейін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында кейбір мекемелер бұрын «қызмет көрсету ақысы» ретінде алынатын соманы тағам бағасына қосып, мәзірдегі бағаларды қымбаттата бастағаны туралы хабарламалар тарады.
Сауда министрлігі бұл мәселеге байланысты тексеру басталғанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, жаңа ереже күшіне енгенге дейін бір мекеме қызмет құнын 15 мың түрік лирасы және оған қосымша 12% қызмет көрсету ақысы (барлығы 16,8 мың лира) ретінде көрсеткен. Ал қазір сол қызметтің бағасы 16,5 мың түрік лирасына дейін өскен.
Министрлік мұндай әрекетті «бағаны әділетсіз көтеру» деп танып, аталған мекемеге 1,86 млн түрік лирасы көлемінде айыппұл салу туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар, алкогольді сусындар прайс-парағында валюта белгісі көрсетілмегені және мәзірде бағаның өзгертілген күні жазылмағаны үшін де әкімшілік шаралар қолданылды. Министрлік жаңа заң талаптарын айналып өту әрекеттерімен қатаң күрес жүргізілетінін атап өтті.


