Маймыл шешегіне қатысты төтенше жағдай режимі аяқталды – ДДСҰ басшысы

0
461

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус әлемде mpox («эмпокс» - маймыл шешегінің жаңа атауы) сырқаты бойынша төтенше жағдай режимі аяқталғанын мәлім етті.


Маймыл шешегіне қатысты төтенше жағдай режимі аяқталды – ДДСҰ басшысы

ERNUR.KZ. Женевада өткен брифингіде сөз сөйлеген ұйым басшысы мұндай шешім сырқаттар саны 2022 жылдың шілдесімен салыстырғанда айтарлықтай азайғаннан кейін қабылданғанын айтты. Дәл сол кезде әлемдік денсаулық сақтау жүйесінде төтенше жағдай режимі енгізілген еді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мpox-пен байланысты төтенше жағдай жөніндегі комитет көптеген елдерде тіркелген mpox бұдан былай халықаралық алаңдаушылық тудыратын төтенше жағдай еместігін маған жеткізіп, ұсыныс көтерді. Мен бұл ұсыныспен келістім және mpox енді денсаулық сақтауда төтенше жағдай еместігін қуана хабарлаймын», - деді Т.Гебрейесус.

Оның айтуынша, кейінгі үш айда маймыл шешегін жұқтырғандар саны оның алдыңғы үш аймен салыстырғанда 90% жуық аз болған.

ДДСҰ бас директоры аталған індеттің өршуіне қарсы «елдердің шұғыл әрекет етуін» жоғары бағалады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына 111 мемлекеттен mpox-ке шалдығудың 87 мыңнан астам жағдайы мен өлім-жітімнің 140 оқиғасы туралы ақпарат түскен.

Ұйым басшысы атап өткендей, mpox бойынша төтенше жағдай режимінің алынуы «жұмыстың аяқталғанын білдірмейді».