Маймылдың жаңа түрі табылды

0
79

Халықаралық ғалымдар тобы Конгоның тропикалық ормандарынан африкалық маймылдың жаңа түрін анықтады.


Маймылдың жаңа түрі табылды

Сурет: journals.plos.org

ERNUR.KZ. Приматқа Colobus congoensis деген ғылыми атау берілді. Бұл соңғы 75 жыл ішінде Африкада табылған маймылдардың бесінші жаңа түрі, деп жазады zakon.kz.

Phys.org басылымының мәліметінше, бұл маймыл Ломами мен Конго өзендерінің арасындағы адам аяғы сирек баратын қалың орманды аймақта тіршілік етеді. Ғалымдар бұл өңірде ұзақ жылдар бойы зерттеу жүргізгенімен, жаңа түрдің бар екенін тек 2008 жылы басталған бірнеше жылдық бақылаулардан кейін ғана нақты дәлелдей алған.

Зерттеу барысында жануардың генетикалық ерекшеліктері, дене құрылысы және шығаратын дыбыстары жан-жақты сарапталды. Нәтижесінде оның өз алдына жеке эволюциялық тармақ екені анықталды.

Жаңа анықталған колобус түрі бірнеше ерекше белгісімен ерекшеленеді: жүні жылтыр қара түсті, құйрығы ұзын, мұрны мен аузының айналасында қызғылт сары және ақшыл кілегей түсті дақтар бар. Бұл белгілер маймылдың бетіне бетперде кигендей ерекше көрініс береді. Сонымен қатар оның бас сүйегінің құрылысы, тістерінің пішіні, дауыс шығару ерекшеліктері басқа маймыл түрлерінен айқын өзгеше екені анықталған. Осы белгілер ғалымдарға оның шынымен жаңа түр екенін түпкілікті растауға мүмкіндік берді.


Зерттеушілердің мәліметінше, 2018–2022 жылдар аралығында шамамен 1700 шаршы шақырым аумақта бұл маймыл небәрі 114 рет ғана байқалған. Жергілікті тұрғындар бұл жануарды "Ликвели" деп атайды және оны сирек кездестіретіндерін айтады.

Ғалымдардың айтуынша, жаңа анықталған Colobus congoensis түріне қазірдің өзінде жойылып кету қаупі төніп тұр. Бұған таралу аймағының өте шектеулі болуы, ормандардың жаппай кесілуі, заңсыз аңшылық сияқты факторлар әсер етуде.

Осыған байланысты зерттеушілер бұл түрді Табиғатты қорғаудың халықаралық одағының (IUCN) Қызыл тізіміне жойылып кету қаупі төнген жануарлар қатарына енгізуді ұсынып отыр.