ERNUR.KZ. 13 қазан күні мұсылман елдерінде Палестинаны қолдауға арналған жаппай шерулер өтті, деп жазады Stan.kz
Он мыңдаған мұсылман Газа секторының тұрғындарын қолдап, Израильге қарсы ұрандар және плакаттармен көшелерге шықты. Наразылық шаралары Ирак, Иран, Ауғанстан, Оман, Катарда, сондай-ақ Пәкістан, Үндістан, Малайзия және Оңтүстік Африкада өтті.
Түркияның түкпір-түкпірінде Израильге қарсы шерулер өтіп жатыр. Стамбулда түріктер Газа секторына әскери көмек көрсетуді талап етуде. Осы аптаның басында Хамастың бұрынғы жетекшісі Халед Мешал мұсылмандарды көшеге шығып, Израильге қарсы күреске қосылуға шақырған еді.
"Бұл ақиқат сәті. Жиһадтың барлық студенттері үшін бұл теорияны іске асыру сәті", - деді Машал.
Әлемдік БАҚ 13 қазанды "жиһад күні" деп атады. Ал Еуропа елдері Израиль елшіліктері мен басқа да еврей мекемелерінің маңында қауіпсіздік шараларын күшейтті.
Ал Парижде палестиналықтарды қолдаған шеру күшпен таратылды. Полиция "Израиль - қанішер" және "Макрон - сыбайлас" деп ұрандаған наразылық білдірушілерге қарсы су атқыштар мен көзден жас ағызатын газ қолданды.