Өлді деп жарияланған әйел жерлеуге алып бара жатқан жолда тіріліп кетті

0
75


Өлді деп жарияланған әйел жерлеуге алып бара жатқан жолда тіріліп кетті

Фото: The Times of India
ERNUR.KZ. Үндістанда өлді деп жарияланған әйел өз жерлеуіне бара жатқан жолда "тіріліп кеткен", деп жазады Stan.kz.

24 ақпанда дәрігерлер Уттар-Прадеш штатындағы Барели қаласының 50 жастағы тұрғыны Винита Шукланың миы қызметін тоқтатқанын айтып, оны өлді деп жариялаған. Әйел жедел жәрдем көлігімен үйіне жеткізілген. Қасында күйеуі Кулдип болған. Ол туыстарына қайғылы хабарды айтып, жерлеу рәсімін ұйымдастыруды бастаған. Күйеуінің айтуынша, ол кезде Винитаның тамыры соқпай, тынысы да тоқтауға жақын болған.

Алайда жолда жедел жәрдем көлігі үлкен шұңқырға түсіп, қатты шайқалған. Осыдан кейін күтпеген жағдай болған. Кулдип мұны нағыз ғажайып деп атады.

"Әйелім қайтадан қалыпты тыныс ала бастады. Мен бірден үйге телефон соғып, жерлеуге дайындықты тоқтатуды айттым", – деді ол.

Содан кейін әйелді шұғыл түрде Пилибхит қаласындағы нейрохирургиялық клиникаға жеткізген. Дәрігерлер Барели қаласындағы ауруханадан оның медициналық деректерін сұратып, бастапқыда миы шынымен ешқандай белгі бермегенін анықтаған. Алайда кейін кенеттен қайтадан тіршілік белгілері пайда болған.

Тексеру кезінде әйелдің лимфа жүйесінде нейротоксиндер табылып, оған ем тағайындалған. 9 наурыз күні Винита ауруханадан шығарылды.

"Қазір ол есін жиып қана қоймай, бізбен сөйлесіп те жатыр", – деді оның күйеуі.

Винитамен нақты не болғаны әлі белгісіз. Ол 22 ақпанда үй шаруасымен айналысып жүргенде кенет есінен танып қалған.