Өзбекстанда мақта алқабына соя қоса еккен шаруалар шығынға ұшырады

0
916

Шаруалардың айтуынша, сояны мақта жиектерінің арасына егу өте қиын, жерді агротехникамен өңдеген уақытта егістіктің дені жұлынып кеткен, соның салдарынан түсім аз болған.


Өзбекстанда мақта алқабына соя қоса еккен шаруалар шығынға ұшырады

ERNUR.KZ. Өзбекстанда билік үш жылдан бері диқандарға мақта алқабына соя араластырып егуге мәжбүрлеп жүр, деп жазады Азаттық.

Былтыр мұндай әдіс Әндіжан облысында сынақтан өткен. Биыл сояны оған көршілес Ферғана облысының диғандары еккен. Ташлак ауданындағы шаруалар сояны мақта жиектерінің арасына отырғызған.

Шаруалардың айтуынша, сояны мақта жиектерінің арасына егу өте қиын, жерді агротехникамен өңдеген уақытта егістіктің дені жұлынып кеткен, соның салдарынан түсім аз болған.

Аудан басшысы сояны Бұхарадағы бір фирмадан сатып алуға мәжбүрлеп жатыр, дейді шаруалар. Әйтпесе соя өсіру жөніндегі жоспар мен президент тапсырмасы орындалмай қалады.

Ташлак ауданындағы шаруалардың айтуынша, жергілікті диқандардың ешқайсысы соя жоспарын орындай алмаған.

– Мақта жиегінің арасына соя отырғызу тәжірибесін басы істемейтін адам ойлап тапса керек. Топырақты қоптысу кезінде сояның жарымы оталып кетті. Қалғаны өнім бермеді. Содан шаруалар жоспарды орындай алмады. 19 тамызда 130 шаруа қатысқан семинар болды. Сол кезде шаруалардың барлығын бұхаралық фирмадан соя сатып алуға мәжбүрледі. Шаруалар сояның бағасы көрсетілмеген келісім-шартқа қол қоюға мәжбүр болды, – дейді шаруалардың бірі.

Тағы бір шаруа сояның кесірінен 40 миллион сум (шамамен 4 мың доллар) шығынға батқанын айтты.

2018 жылғы ақпанда өзбек үкіметі соя өсіруді көбейту туралы қаулы қабылдаған. Бірақ ол құжатта сояны мақта жиектерінің арасына отырғызу керек деген сөз жоқ.

Құжат қабылданғаннан бір айдан кейін президент Шавкат Мирзияев Соя өсірушілер қауымдастығын құруды ұсынды.