Пәкістан армиясының Үндістан аумағындағы 25 стратегиялық нысанға соққы бергені хабарланды.
Фото: Reuters
ERNUR.KZ. 10 мамыр күні таңертең Пәкістан үкіметі Үндістанға қарсы кең көлемді әскери операцияның басталғанын ресми түрде мәлімдеді. «Banyan-un-Marsus» («Мызғымас қамал») деп аталған операция Исламабад Үндістанға бағыттаған зымыран шабуылдарына жауап ретінде іске қосылды, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Операция Пәкістан армиясының ел астанасы маңындағы Нур Хан әуе базасы да кіретін үш әскери нысанға шабуыл жасалғанын жариялауынан бір сағат өткен соң басталды. Пәкістандық әскерилердің мәліметінше, Үндістаннан жіберілген зымырандардың көпшілігі дер кезінде қағып түсірілген, инфрақұрылымға айтарлықтай залал келмеген. Дегенмен Исламабад өз аумағын қорғау үшін «қатаң жауап» беретінін ескертіп отыр», — деп жазады басылым.
Geo TV телеарнасы қауіпсіздік құрылымдарындағы дереккөздерге сілтеме жасап, Пәкістан армиясының Үндістан аумағындағы 25 стратегиялық нысанға соққы бергенін хабарлады. Олардың қатарында Удхампур және Патханкоттағы әскери базалар, BrahMos зымырандары қоймасы және Адампурдағы С-400 әуе шабуылына қарсы жүйесі бар. Бұл ақпаратты Үндістан билігі әзірге растамады.
Қақтығыстың ушығуына байланысты Пәкістан премьер-министрі елдің ядролық қауіпсіздік мәселелерін үйлестіретін Ұлттық қолбасшылық штабының шұғыл отырысын өткізді.
«АҚШ тараптарды сабырлық сақтауға шақырды. Мемлекеттік хатшы Марко Рубио Пәкістан Қарулы күштерінің басшылығымен келіссөз жүргізіп, екі елді дипломатиялық жолмен мәселені шешуге үндеді. Вашингтон бейбіт келіссөздерге қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді», — делінген материалда.
Үндістан билігі Пәкістанды «еш негізсіз шабуыл жасады» деп айыптап, қарсы әрекетке көшетінін хабарлады. Елдің Қорғаныс министрлігі Пәкістанға тиесілі бірнеше ұшқышсыз ұшақтың Пенджабтағы Амритсар аумағында атып түсірілгенін мәлімдеді.
Айта кетейік, екі ел арасындағы жағдай 7 мамырда Үндістан жүзеге асырған зымыран соққысынан кейін ушыға түсті. Нью-Делидің мәліметінше, бұл шабуыл террорлық топтарға қарсы бағытталған. Ал Исламабад бұл айыптауды жоққа шығарып, шабуыл әскери инфрақұрылымға жасалды деп мәлімдеді. Сарапшылар бұл оқиғаны соңғы жылдардағы ядролық қаруы бар қос держава арасындағы ең қауіпті шиеленіс деп бағалап отыр.