Фото: AP
ERNUR.KZ. Сербия президенті Александр Вучич қызметінен кететінін мәлімдеді, деп жазады Stan.kz.
Александр Вучичтің президенттік өкілеттігі 2027 жылдың көктемінде аяқталады. Соған қарамастан ол бірнеше апта ішінде Сербия президенті қызметінен кететінін мәлімдеді.
Вучич Белградта өткен митинг барысында айтты.
"Мен президент ретінде осындай көп адамның алдында соңғы рет сөз сөйлеп тұрмын. 14 жыл бойы, әртүрлі қызметтерде өз еліме адал қызмет еттім. Бұл – менің республика президенті ретіндегі соңғы күндерім мен апталарым", – деді Вучич жиналғандарға.
Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, Сербия заңнамасына сәйкес, сайлау 90 күн ішінде өтуі тиіс. Бұл талапты наразылық білдіріп жатқан студенттер мен оппозиция жақтастары да көтеріп отыр.
Сербияда президент пен үкіметке қарсы наразылық акциялары 2024 жылдың қараша айында Нови-Садтағы теміржол вокзалында шатырдың опырылып құлауынан кейін басталды. Аталған қайғылы оқиға салдарынан 16 адам қаза тапқан еді.


