Сирия үкіметі мен күрдтер арасындағы атыс ресми түрде тоқтады

0
112

Тиісті құжатқа қол қойылды.


Сирия үкіметі мен күрдтер арасындағы атыс ресми түрде тоқтады

Фото: АА

ERNUR.KZ. Сирия үкіметі екі аптаға созылған қақтығыстардан кейін күрд күштерімен атысты тоқтату туралы келісім жасасты, деп жазады inbusiness.kz.

Осылайша екі аптаға жуық созылған қақтығысқа нүкте қойылады. Бұл – 14 тармақтан тұратын кеңейтілген келісімнің бір бөлігі. Құжат Сирия демократиялық күштерін Сирия армиясы мен мемлекеттік институттарына біріктіруді көздейді. Бұл туралы Сирия мемлекеттік телевидениесі хабарлады.

Сирия президенті Ахмед аш-Шарааның сөзінше, келісім елдің үш шығыс және солтүстік провинцияларына, атап айтқанда, Хасака, Дейр-эз-Зор және Ракка аймақтарына мемлекеттік бақылауды қалпына келтіруге септігін тигізеді. Тиісті мәлімдеме аш-Шарааның АҚШ-тың Сирия жөніндегі арнайы өкілі Том Барракпен Дамаскіде кездесуінен кейін жасалды. АҚШ тарапы құжатты біріккен Сирияны қалыптастырудағы маңызды қадам ретінде сипаттады.

Кездесуге Сирия демократиялық күштерінің қолбасшысы Мазлум Абди қатысады деп күтілгенімен, оның сапары дүйсенбіге қалдырылды. Құжат бойынша Сирия билігі азаматтық мекемелерді, шекаралық өткелдерді және мұнай-газ кен орындарын басқаратын болады.

Сирия Демократиялық күштерінің қызметкерлері қорғаныс және ішкі істер министрліктеріне біріктіріліп, ал Дамаск содырлар мен олардың отбасы мүшелері қамалған түрмелер мен лагерьлердің жауапкершілігін өз мойнына алады.

Бұдан басқа Дамаск күрдтердің мәдени және тілдік құқықтарын мойындайды. Күрд тіліне ресми тіл мәртебесі беріліп, күрд жаңа жылы ұлттық мейрам ретінде жарияланбақ.