"Титан" батискафындағы жарылыс – туристердің барлығы қаза тапты

0
390


ERNUR.KZ. АҚШ-тың жағалау күзеті жоғалған батискафтың қалдықтары табылғанын мәлімдеді. Туристік аппараттың ішінде болған экипаж қайтыс болды, деп жазады sputnik.kz.

"Титан" батискафы 3,8 мың метр тереңдікте жатқан "Титаник" кемесіне саяхат жасаған. Ішінде бес адам болған.
"Қашықтан басқару аппараты "Титанның" артқы жағы мұхиттің түбінде жатқанын анықтады", - деді АҚШ-тың жағалау қызметінің өкілі Джон Могер.
Оның айтуынша, батискафтың қалдықтары "Титаниктен" 200 метр шалғай жерде табылған.
"Батискаф ішке қарай жарылған. Осындай шешімге келгеннен кейін отбасыларына хабар бердік", - деп атап көрсетті Могер.
Қосымша мәліметтер жинақтау үшін "Титанның" қалдықтары табылған жерде арнайы аппараттар жұмысын жалғастыра береді. Операция қай кезде аяқталатыны әзірге белгісіз. Мамандардың айтуынша, батискафтың табылған жері тым терең. Ол жерде жұмыс істеу өте қиын. Марқұмдардың денесін табу да оңай емес.
Айта кетері, "Титан" туристік аппараты өткен жексенбі күні жоғалып кеткен еді. Батискафпен 1912 жылы солтүстік Атлантикада батып кеткен "Титаникті" көруге саяхат жасаған. Батискаф саяхатқа шыққаннан кейін екі сағаттан соң онымен байланыс үзілген.
OceanGate Expeditions компаниясының аппаратында бес адам болған. Олар – команияның негізін салушы Стоктон Раш, терең суда зерттеу жұмыстарының ардагері, француз маманы Поль-Анри Наржеоле, британдық миллиардер және ғарыш турисі Хамиш Хардинг, пәкістандық бизнесмен Шахзада Давуд және оның ұлы Сүлейман.