Трамп 7 елдің азаматтарына АҚШ-қа кіруге толық тыйым салды

0
92

Тыйым 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.


Трамп 7 елдің азаматтарына АҚШ-қа кіруге толық тыйым салды

Фото: AP

АҚШ Африка мен Азиядағы жеті елдің азаматтарына елге кіруге толықтай тыйым салды. Бұл туралы Ақ үйдің сайтында жарияланған ресми мәлімдемеден белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz.

"Таяуда жүргізілген талдауға сәйкес, бес елге – Буркина-Фасо, Мали, Нигер, Оңтүстік Судан және Сирияға толық шектеулер мен елге кіруге тыйым енгізіледі", – делінген ақпаратта.

Бұдан бөлек Лаос пен Сьерра-Леоне азаматтарына да АҚШ-қа кіруге толық тыйым салынды. Бұрын бұл елдерге қатысты ішінара шектеулер енгізілген болатын.

Мәлімдемеге сәйкес, бұған дейін күшіне енген келесі елдердің азаматтарына АҚШ-қа кіруге салынған тыйым сақталды: Ауғанстан, Гаити, Иран, Йемен, Ливия, Мьянма, Конго Республикасы, Сомали, Судан, Чад, Экваторлық Гвинея және Эритрея. Сондай-ақ, Ангола, Антигуа және Барбуда, Бенин, Кот-д’Ивуар, Доминика, Габон, Гамбия, Малави, Мавритания, Нигерия, Сенегал, Танзания, Тонга корольдігі, Замбия және Зимбабве секілді елдердің азаматтарына қатысты ішінара шектеулер енгізілді. Ал Түрікменстанға қатысты шектеулер ішінара жеңілдетілді. Осылайша бұл елдің азаматтары АҚШ-қа иммиграциялық емес визалармен кіруге рұқсат алды.

Ақ үй таратқан хабарламаға сәйкес, бұл шектеулер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Өткен айдың соңында АҚШ президенті Дональд Трамп үшінші елдерден көші-қонды тоқтататынын, елде тұратын, алайда азаматтығы жоқ барлық адамдарға берілетін федералды жеңілдіктер мен субсидияларды жоятынын айтқан. Ол қоғамға қауіп төндіретін шетелдіктерді елден депортациялауға уәде берді.