Олар жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді.
ERNUR.KZ. Үндістанның солтүстігіндегі Уттаракханд штатында 17 күн бойы құлаған туннельде қалып қойған 41 жұмысшы түгелдей құтқарылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бұл туралы NDTV телеарнасы құтқару қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
«Тау ішінде салынып жатқан туннель астында қалған жұмысшылар 17 күндік қамаудан босатылған соң жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді», - делінген хабарламада.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди құтқару тобы мен жұмысшылардың өздерін құттықтады. Үндістан үкіметінің басшысы құтқару операциясын о бастан өз бақылауына алған.
Еске салайық, Уттаракхандта салынып жатқан туннель 12 қарашада опырылып, ішінде 41 адам қалып қойған. Төтенше жағдай болған жерде таудан бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, тау жынысы опырылған жерге құбыр тартылды. Содан кейін үйінділер қолмен шығарылды.