Президент Владимир Зеленский Украинаны Еуропа Одағына (ЕО) мүше қылып енгізу туралы өтінішке қол қойды.
ERNUR.KZ. Бұл туралы мемлекет басшысының өзі "Телеграм-каналына" жазып, қол қою кезі және құжаттың суретін жариялады, деп жазады azattyq.org.
Арыз Еуропа комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйенге жазылды. Құжаттың қашан қаралатыны белгісіз. Осыған дейін өлкенің премьер-министрі Денис Шмыгал Украина ұйымға арнайы тәртіппен кіретінін білдірген.
Осыған дейін Зеленский видео үндеу жасап, Еуропа Одағына шұғыл түрде Украинаны қосуды сұраған. Ол украин армиясы өз жері үшін ғана емес, жалпы Еуропа үшін соғысып жатқанын айтып, "ұйымға кіруге лайықты" екенін жеткізген.
Ресей президенті Владимир Путиннің "Донбастағы халықты қорғау" туралы мәлімдемесінен кейін орыс әскері 24 ақпанда Украинаға басып кірді. Бес күннен бері Ресей Украинаның барлық аймақтарын атқылап бомбалап жатыр.
Украинаның ақпарат құралдары Ресейдің шабуылынан 352 бейбіт тұрғын қаза болғанын, олардың ішінде балалар бар екенін жазып жатыр. Оқиғаның алғашқы күні Киев 137 сарбаз құрбан болғанын мәлімдеді. Одан кейін жағдай белгісіз.
Украина қорғаныс министрлігі Ресей 5300 сарбазын жоғалтты деп мәлімдеген. Бұл санаттың ішінде қаза тапқандар, тұтқынға түскендер және жараланғандар кіреді.
Ресей болса нақты қанша әскерін жоғалтқаны жөнінде ресми мәлімет бермей отыр.