Халықтың жылдам қартаюына байланысты Жапония үкіметі өткен жылдың сәуірінде «Жалғыздық пен әлеуметтік оқшаулануға қарсы күрес туралы» арнайы заң қабылдаған.
Фото: freepik.com
ERNUR.KZ. Жапония билігі жариялаған соңғы деректерге сәйкес, 2024 жылы елде 76 мың жалғызбасты тұрғын өз үйінде өмірден озған. Олардың ішінде 21 мыңнан көбірек адамның мәйіті сегіз күннен кейін ғана байқалып, кудокуси яғни, «елеусіз өлім» ретінде тіркелген, деп жазады inform.kz.
Lianhe Zaobao басылымының хабарлауынша, халықтың жылдам қартаюына байланысты Жапония үкіметі өткен жылдың сәуірінде «Жалғыздық пен әлеуметтік оқшаулануға қарсы күрес туралы» арнайы заң қабылдаған. Аталған статистика, осы заңның аясында елдегі жалғызбасты азаматтардың өз үйінде оңаша жағдайда көз жұму фактілеріне арналған алғашқы жылдық есеп болып отыр.
Ресми анықтама бойынша, өмірден өткен сәтінде марқұмның қасында жан баласы болмай, мәйіті сегіз күн немесе одан да көп уақыттан кейін табылса, кудокуси деп есептеледі. Бұл жағдай көбіне марқұмның көзі тірісінде әлеуметтік оқшаулануда болғанын білдіреді.
Статистикаға сәйкес, оқшау жағдайда өмірден озған 6945 адамның мәйіті бір айдан кейін ғана байқалған. Ал 253 адамның жан тапсырғаны бір жылдан кейін анықталған. Бұл деректер кей азаматтардың қоғамнан мүлдем қол үзіп қалғанын көрсетеді.
Жапония Министрлер Кабинетінің сараптамасы бойынша, елде жалғызбасты тұрғындардың саны өсіп келеді. Соған орай, жалғыздық пен әлеуметтік оқшаулану қаупіне тап болатын азаматтардың қатары көбейе бермек.