Алмас Өтешов әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Фото:Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Белгілі зілтемірші Алмас Өтешов тағы бір жауапты қызметке орналасты. Ол ауыр атлетикадан ересектер арасындағы Қызылорда облысы спорт басқармасының аға бапкер болып тағайындалды, деп жазады stan.kz.
Бұл шешім облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаевтың ресми бұйрығымен қабылданған.
Алмас Өтешов әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Алайда 2016 жылы ол допинг дауына ілініп, Халықаралық ауыр атлетика федерациясының шешімімен төрт жылға спорттан шеттетілген.
Ал 2024 жылы спортшы журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында өміріндегі қиын кезеңдер туралы ашық айтып, ішімдікке әуестігі отбасылық өмірінің бұзылуына себеп болғанын мойындаған еді.
Осы жағдайдан кейін оған қолдау көрсетіліп, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты "Мұз айдыны" мекемесіне әдіскер қызметіне жұмысқа орналастырған.
Кейінірек Алмас Өтешов зиянды әдеттерден бас тартып, өмірін қайта жолға қоя бастағанын мәлімдеді. Уақыт өте келе ол шығармашылық салада да бағын сынап көріп, "Байғайстан" атты отандық фильмге түсіп, актер ретіндегі алғашқы қадамын жасағанын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
Сонымен қатар экс-спортшы жеке өміріндегі оң өзгерістерді атап өтіп, жаңа автокөлік сатып алғанын да көпшілікке хабарлаған.


