Ірі мегаполистерде жоғары сома төлейтін клиникалар бар көрінеді.
Бақыт Көмекбайұлы, Inbusiness.kz
Қазақстан – халқының санының өсімі жөнінен өз аймағындағы ең артта қалған республика саналады.
Мысалы, Кеңес одағы заманындағы соңғы халық санағы өткен 1989 жылы Өзбекстан тұрғындарының жалпы саны 19 млн 810 мыңнан астам адамды құрады. ӨР статистика агенттінің дерегінше, 2023 жылғы шілдеде бұл елдің халқының қатары 36 млн 372 мыңнан асты. Яғни, тәуелсіздік алғалы бері өзбек ағайындардың саны 1,8 еседен астамға көбейді.
Тәжікстан халқының саны 1989 жылы 5 млн 109 мыңдай ғана болса, бүгінде, 2023 жылы 10 миллион 250 мыңнан артқан екен. Тиісінше, 2 еседен көп өсті.
КСРО құрамында тұрғанда Түрікменстанның тұрғындарының саны 4 миллионға ешқашан жетпеген. Республикада 1989 жылы 3 млн 534 мың адам тіркелді. Ал 2022 жылғы санақ қорытындысында бұл көршіде 7 миллион 58 мыңға жуық адам өмір сүріп жатқаны жарияланды. Демек, тура 2 еселенген.
Кеңес одағы күйрердің алдында қырғызстандықтардың саны 4 млн 290 мыңдай ғана болды. Қырғыз республикасының Ұлттық статкомитетінің дерегінше, қазіргі кезде бұл көршіміздің тұрғындарының саны 7 млн 37 мыңнан асты. Өсім – шамамен 1,7 есеге жуық.
Кеңес кезінде Қазақстан халқының саны жөнінен Өзбекстанға жуықтады. Кеңестік соңғы санақ республикамызда 16 млн 537 мың адам тұратынын анықтады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылғы 1 қырқүйектегі жағдай бойынша көгілдір паспортымызға ие адамдардың саны 19 млн 944,7 мыңдай адам ғана.
Өсім мардымсыз тіпті есе де емес, небәрі 17,1%.
Сорақысы сол, демографтар соңғы бірнеше жыл бойы жүрген демографиялық дүмпу биыл доғарылғанын айтуда. Кері кету қаупі бар.
Әрине, халық санының өсуі Үкіметтің ісіне де байланысты. Қазақстандықтардың әл-ауқаты ары қарай құлдырап, тұрмысы нашарлай берсе, аналар бала туудан бас тарта бастауы мүмкін. Оның алғышарттары бой көрсетуде.
Өз кезегінде медициналық қауымдастық Үкіметке төл ұсынысымен шықты. Олар экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) кезінде қажет болатын ұрықты тапсыра алатын ерлердің санатын күрт кеңейту бастамасын көтерді. Оны Денсаулық сақтау министрлігі қолдап отыр.
Бұл туралы ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мамандары хабарлады.
Өйткені, Қазақстанның заңнамасы бойынша жастарға ғана ұрық тапсыруға рұқсат етілген.
Әңгіме тек анонимді донорлар туралы болып отыр. Егер болашақ ана ЭКҰ барысында өз жұбайынан ғана жүкті болуды қаласа, онда оның күйеуі қанша жасқа келсе де (ұрығы жарамды болса), донор бола алады.
Денсаулық кодексінің 148-бабына сәйкес, Қазақстанда тек қана 18 жастан 35 жасқа дейінгі, "тәні мен психикасы сау, медициналық-генетикалық зерттеп-қараудан өткен Қазақстан азаматтары" жыныстық жасушалардың, репродуктивтік ағзалар тіндерінің донорлары бола алады. Басқаларына тыйым салынған.
Бұл ретте өз ұрығын анонимді тапсырғандар кейін кімнің баласының әкесі болғанын біле алмайды. Кодекс оларға "өздерінің донорлық жыныстық жасушаларының, репродуктивтік ағзалар тіндерінің кейінгі тағдыры туралы ақпарат" алуына тыйым салады. Бұл оның бөгде отбасыға зиянын келтірмеуі, әйелге не балаға қатысты шантаж жасап, қаржы не басқа мүлік бопсаламауы, баланы туған ұясынан тартып алмауы үшін жасалған.
Әйтпесе, соттар тәрбиелеген әкенің емес, биологиялық әкенің жағына шығуы мүмкін.
Медициналық қауымдастықтың ұсынысына ден қойған Денсаумині Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы (Денсаулық кодексі) кодексінің аталған 148-бабын өзгертетін жаңа заң жазып шықты.
Оны алда Парламент қабылдаса, онда жастар санатына жататындар ғана емес, одан біршама асып кеткендер де өз ұрығымен бөлісе алады.
18 жастан 40 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары жыныстық жасушалардың, репродуктивтік ағзалар тіндерінің донорлары бола алады. Яғни, осы істен табыс таба алатын ерлер саны күрт артады.
Сарапшылардың ұсыныстарын пысықтап, Денсаулық сақтау министрлігіне Репродуктивті медицина институты енгізген екен.
"Себебі, Еуропалық адам репродукциясы және эмбриологиясы қоғамының дерегінше, сапалы ұрықты тапсыра алатын донорлардың ең жоғарғы жасы әртүрлі елдерде 40–45 жасқа дейін жетеді. Сондықтан Германия, Грекия, Италия, Сербия, Украина, Беларусь, Чехия, Эстонияда – 18–40 жас аралығындағы, ал Ұлыбритания, Дания, Франция, Латвия, Португалия, Кипрде – 18–45 жастағы ерлер жыныстық жасушалардың доноры болуға құқылы. Қазақстан тым шектей бермей, әлеуетті анонимді ұрық донорларының жас шегін 40 жасқа дейін көтергені жөн деп санаймыз", – деді институт мамандары.
Олардың түсіндіруінше, бұл өзгерістер отағасы бедеуліктің ауыр түрлеріне душар болған отбасыларға "Ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологиялары" (ВРТ) бағдарламалары аясында көмек көрсету тиімділігін арттырады. Сонымен қатар ЭКҰ жасататын әйелдер таңдауына ұсынылатын донорлардың саны мен санатын кеңейтеді.
Репродуктивті медицина институты "ұрықтың 1 порциясы (кем дегенде 2 миллилитрі) үшін 40 мың теңге" төленетінін жеткізді. Бұдан 10% жеке табыс салығы ұсталып, донордың қолына 36 000 теңге тапсырылады.
Ірі мегаполистерде 50-60 мың теңгеден төлейтін клиникалар бар көрінеді.
Бірақ мамандардың айтуынша, ұрық тапсыруға ұзынсонар кезек тұрған жоқ. Өйткені әлеуетті донорларды үркітетін бірнеше кедергі бар.
Біріншісі – Денсаулық кодексінің 148-бабында жазылған.
Екіншіден, клиникалар ұрықтың нақты талаптарға сәйкес келгенін талап етеді. Мәселен:
- эякулят көлемі 2 миллилитрден кем болмауға;
- әрбір миллилитрде 60 миллионнан көп сперматозоид шоғырлануға;
- оның ішінде белсенді формалары (А+В) 50%-дан асуға;
- морфологиялық тұрғыдан қалыпты формаларының (мутант еместерінің) үлесі 30%-дан артық болуға;
- криотолерантты, яғни ұзақ уақыт сақтау үшін криоконсервациялап, қатыруға төзімді болуға тиіс.
МАР-тест және басқа да көрсеткіштер бойынша талап қойылуы мүмкін.
Үшіншіден, ұрық тапсырмас бұрын ер адам медициналық тексеруден өтуі, андрологқа қаралуы шарт. Осы кезең донорлардың шығын шығаруын талап етеді.
Ондай тексерісті жыныстық жасушаларды қабылдайтын орталықтарда да өтуге болады екен. Бірақ бір гәп бар, ұрықтың сапасы жақсы болып, донорлық туралы келісім бекітілсе ғана орталық кешенді медициналық тексеру шығынын өтейді.
Кейбір орталықтар бұл сынақтан құлап қалғандарға шамамен 15 мың теңгедей өтемақы беретін көрінеді. Алайда ол сома кешенді тексеру шығысын өтей алмасы белгілі.
Салдарынан мамандардың әңгімелеуінше, 35-ке дейінгі көптеген жігіттер өзіне сенімсіз болып, талаптардың бәрін тыңдай сала, тайып тұратын көрінеді. Босқа шығын шегуден сақтанады.
Дегенмен, егер Үкімет пен Парламент Денсаулық кодексіне түзетулер енгізсе, өзіне сенімді ерлер саны артуы мүмкін. Бұл ретте "ұят" деген ең үлкен кедергі барын да ұмытпаған жөн.