"Адамдар қоқыс тастауды білмейді": Шымкенттік зейнеткер қоқыс өңдеудің ерекше әдісін ойлап тапқан

0
2 128

71 жастағы зейнеткер қоқысты қайта өңдеп, одан түрлі тыңайтқыштар жасап шығарады.


Қазақстанда өндірілген және қолданылған қалдықтар бүгінгі таңда 100 миллиард тоннаны құраса, соның тек 5%-ы ғана қайта өңделеді екен. Қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу үшін үлкен өндіріс орнын ашылғанын күту көп уақытты алады. Ал үйде отырып-ақ көше қоқысын сұрыптап, пайдаға асырып жатқан шымкенттік 71 жастағы зейнеткер табиғатқа да өзіндік пайдасын тигізіп отыр.

Табиғат қойнауын ластанудан сақтап, қоқысты өңдеудің ерекше әдісін ойлап тапқан Шымкент тұрғынымен ERNUR.KZ тілшісі тілдесіп қайтты.


Искендер Кунанбаев жас кезінде инженер-механик болып қызмет еткен. Зейнет жасына жеткен соң қоқыс өңдеуді қолға алады. 4 жылдан бері тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, пайдасы барын зерттеп келеді. Қалдықтан да пайда барын зейнеткер ең алдымен интернеттен көрген. Жапонның КАЙЗЕН техникасымен танысқаннан кейін жасап жатқан жұмысының 100% дұрыс екеніне көзі жеткен. Сосын оны тұрақты кәсібіне айналдырып, қайта пайдалануға келмейтін қалдықтарға екінші өмір сыйлайды.

- Біз байлықты басып жүрміз. Жердегі қоқыстың өзінен қаншама пайда бар. Адамдар қоқысты қалай тастау керегін білмейді. Күнде қалдықтарды қоқыс жәшігіне салмас бұрын ешкім мұның бәрі қайда кетеді деп бір сәт болса да ойланбайды. Пластика пакеттерге тамақ қалдықтарын, жуындыны, қағаздар мен тағы басқа қалдықтарды бірдей салып, тастай береді. Ал мен оларды сұрыптаудан, бөлек-бөлек жинаудан бастадым. Кейіннен көше бойындағы қоқыс жәшіктеріне әр қоқысты жеке-жеке тастайтындай етіп жасап қойдым. Уақыт өте көршілерімді де соған үйренді. Ол маған да өздеріне де, тіпті табиғатқа да тиімді, - дейді зейнеткер.

Солай ағаш, қағаз, сүйектерден көмір тектес, ал тамақ қалдықтарын тыңайтқыш сынды өнімге айналдырады. Бір затты екінші өнімге айналдыру да оңай емес екен. Исі жағымсыз, ұстауға ыңғайсыз қоқыстардың қайта өңделуі кемі 2 аптаға жуық уақытты алады. Қоқыс қалдықтарын өңдейтін өнертапқыш үйінің жанынан кішігірім цех ашып алған. Барлық жұмыс сол жерде атқарылады.

Қоқыстарға екінші өмір сыйлап жүрген зейнеткер түрлі жарамсыз қоқыстарды тұрмыста қолданатын химиялық сұйықтықтар, жағымсыз иістерді жоятын құрал, егістікте қолданатын тыңайтқыштарға айналдырады. Өзі өндірген өнімнің пайдасы көп екеніне сенетін зейнеткер істеп жатқан ісінің қолдау тапқанын қалайды.

- Мен қоқысты қайта өңдеумен айналысамын. Оны қаржыландырса, халық үшін сапалы тауардың санын арттырып, қолжетімді бағада нарыққа шығаруға болады. Берібір сондай химиялық заттардың өзі елімізге шет елден қыруар қаржыға келеді. Ал мен айтқандай жасаса ел экономикасына да, экологиясына да пайдалы болар еді,- дейді Искендер Кунанбаев.

Зейнеткер жасап жатқан ісінің өзіне арнайы бизнес жоспар құрып, талай есікті қаққан көрінеді. Жобаға қаржы бөлуші мекемелер бұл бастаманы қолдамаған екен. Ал кәсіпкерлікті қолдайтын «Бизнес Бастау», «Атамекен» сынды орындар зейнеткедің жобасын күлкіге айналдырып, мазақ етіп шығарып салыпты.

Мемлекеттік қолдаудан көңілі қалған зейнеткер еді кәсіпкерлердің көмектескенін қалайды. Бұл кәсіптен түсер қаржы да үлкен өндірістік компаниялардан түсетін пайдамен шамалас екен. Ал өзі бастап кетейін десе қайта өңделген өнімнің сыртына қорап, сұранысқа сай сатылым жасау керек.



- Мен өзім жасаған өнімнің пайдасына 100% білемін. Оны қолданып көрген көршілерім қайта сұрап алып кетеді. Мен мұны базарда отырып та сатсам болады. Бірақ оның да машақаты аз емес. Ол үшін өнімнің атын ойлап тауып, сыртын орау керек. Оның үстіне мен базарда сатып отсам, қоқысты кім өңдейді? Сол үшін маған қолдау танытатын адамдар табылса жақсы болар еді, - дейді өнертапқыш.

Әлемде дамушы елдер әлі де қоқыс өңдеуді қолға ала алмай келеді. Бұл қатарда біз де бармыз. Себебі, біздің елде тұрмыс қалдықтарын өндейтін технология әлі жолға қойылмаған. Екіншіден, қажетті ресурстар тапшы. Сонымен қатар, адамдар үйілген қоқыстың залалын, экологияға және өз денсаулықтарына тигізер қаупін толық сезінбейді. Ал дамыған елдерде қоқысты кәдеге жарату экономиканың қозғаушы күшіне айналып отыр. Мәселен, Швецияда тұрмыстық қалдықтан электр қуатын өндірсе, ең таза ел саналатын Сингапурде қоқыстың 90%-ы қайта өңделеді. Қазақстанға да қоқысты қайта өңдеудің көрсеткішін көбейту керек.

Қоқысты қайта өңдеуге қызығатын жандар болса, зейнеткер қуана-қуана үйрететінін айтады. Тіпті осындай қалдықтарды өңдейтін өндіріс орындарына барып білгенін үйретіп, тәжірбие алмасып көргісі де келеді.

Искендер Кунанбаевтың жасап жатқан ісі әсіресе ауылшаруашыдығы үшін пайдалы боларын біліп, ауылшаруашылығымен айналысатын жергілікті кәсіпкерге хабарласып көрген едік.

- Тыңайтқыштар ауылшаруашылығы үшін өте маңызды. Искендер Кунанбаевтың өңдеп, жасаған тыңайтқыштырын лабораториялық тексерістен өткізу керек. Қалай болғанда біз оны бірден қолданысқа енгізе алмаймыз. Қоқыстан жасалған өнім біржағынан пайдалы болса, екінші жағынан кері әсерін беруі де мүмкін. Ол тауарда талапқа сай, қолдануға болатындығын дәлелдейтін сертификат болуы керек, - деді кәсіпкер Жанай Бекежанов.

Ал "Даму" кәсіпкерлерді дамыту қоры Искендер Кунанбаевқа қолдау көрсететінін айтты. Орталыққа келсе бизнесіне бағыт беріп, төмен пайызбен несие де алуға көмектесетіндерін жеткізді.

15 қараша - бірқатар елдерде қоқысты қайта өңдеу күні ретінде аталып өтіледі. Бұл – өте өзекті мәселе. Бүгіндері қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесі тұтас ел үшін өзекті болып отыр. Искендер Кунанбаев сынды азаматтардың ісі қолдау тауып, алға басса, қаладағы қордаланған қоқыс сәл болса да ретке келер деген ойдамыз.