Жақын адамы қайтыс болғаннан кейін туыстарына тек ұйымдастырушылық мәселелерді ғана емес, сондай-ақ оның қаржы мәселесін де шешуге тура келеді.
ERNUR.KZ. Банктік шоттардағы ақша мәселесі қалай болады, депозиттер мен инвестицияларды кім алады, кредиттер мұрагерлерге өте ме? Жинақтардың бір бөлігі цифрлық сервистерде болып, отбасы бұл жайлы білмейтін жағдайда не істеу керек?
Қазіргі уақытта мұра – бұл мүлік пен банктегі ақша ғана емес. Оған бағалы қағаздар, зейнетақы жинақтары, электрондық әмияндар мен басқа активтер кіруі мүмкін. Бұл ретте қайтыс болған адамның телефонына немесе банктік қосымшасына қол жеткізу оның қаражатына билік ету құқығын білдірмейді.
Қазақстанда мұра қалай ресімделеді, туыстарына қандай міндеттемелер өтуі мүмкін және цифрлық активтерді мұраға алу кезінде не нәрсеге назар аудару маңызды екенін Fingramota.kz-пен бірге қарастырамыз.
Мұраны қашан және қалай қабылдау керек?
Қазақстанда мұрагерлік тәртібі Азаматтық кодекспен реттеледі. Қайтыс болған адамның мүлкі мұрагерлерге өсиетхат бойынша немесе ол болмаған жағдайда заң бойынша өтуі мүмкін. Мұраны қабылдаудың жалпы мерзімі ашылған күнінен бастап алты айды құрайды. Мұра қалдырушының қайтыс болған күні мұра ашылған күн болып есептеледі, ал егер азамат сот шешімі бойынша қайтыс болды деп жарияланса, сот өзге күнді белгілемеген болса, аталған шешімнің заңды күшіне енген күні есептеледі.
Аталған кезең ішінде мұраның ашылған жері бойынша нотариусқа жүгіну және оны қабылдау туралы не мұра құқығы туралы куәлік беру туралы өтініш беру ұсынылады.
Сондай-ақ, заңнама мұраны іс жүзінде, мысалы, мұрагер мүлікті иемденіп, оны сақтау үшін шаралар қолданатын кезде қабылдау мүмкіндігін көздейді. Алайда, қажет болған кезде мұндай әрекеттерді растауға тура келеді, сондықтан нотариусқа жүгіну құқықтарды рәсімдеудің ең түсінікті тәсілі болып отыр.
Туыстары қайтыс болған адамның қандай активтерге ие екенін әлі білмеген жағдайдың өзінде жүгінуді кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Белгіленген мерзімді өткізіп алу мұраны ресімдеуді қиындатуы мүмкін. Заңда көзделген жағдайларда оны сот арқылы қалпына келтіруге болады.
Мұрагерлік тек мүліктің ғана емес, сондай-ақ қайтыс болған адамның белгілі бір міндеттемелерінің де өтуін көздейтінін ескеру маңызды. Сондықтан, шешім қабылдаудан бұрын мұраның құрамына қандай активтер мен қарыздар кіретінін анықтап алған жөн.
Қайтыс болған адамның ақшасы қай банкте екенін қалай білуге болады?
Мынадай жағдайды елестетіп көріңіз: әкесі қайтыс болғаннан кейін қызы бірнеше банктік карта тапты, бірақ әкесінің басқа қаржы ұйымдарында депозиттері, инвестициялары немесе шоттарының бар не жоқ екенін білмейді.
Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Қазіргі уақытта адам бірнеше банктің қызметтерін пайдалана алады, жинақ шоттарын онлайн түрде ашып, бағалы қағаздарды брокерлік қосымшалар арқылы сатып ала алады және ақшаны электрондық әмияндарда сақтай алады. Банктік картаның немесе қағаз нысандағы шарттың болмауы қаржы активтерінің жоқ екенін білдірмейді.
Нотариус мұраға қалатын мүліктің құрамын анықтауға көмектеседі. Заңнамада көзделген тәртіппен ол қажетті мәліметтерді алу үшін банктерге және басқа ұйымдарға сұратулар жібере алады. Мұрагерлер нотариусқа өздеріне белгілі барлық ақпаратты, атап айтқанда, банктердің атауларын, депозиттердің, брокерлік шоттардың, сақтандыру шарттарының және басқа да қаржы өнімдерінің бар екенін хабарлауы қажет.
Бұл ретте, туыстық қатынастардың банктік үзінді көшірмелер алу немесе қайтыс болған адамның қаражатын басқару құқығын бермейтінін есте сақтаған жөн. Банк құпиясын құрайтын мәліметтер заңда белгіленген тәртіппен беріледі.
Мұрагерлік құқықтар ресімделгеннен кейін мұрагер қажетті құжаттармен тиісті қаржы ұйымына жүгіне алады.
Қайтыс болған адамның картасынан ақша алуға бола ма?
Мысалы, жұбайы қайтыс болғаннан кейін әйелі оның банктік картасын тауып, PIN-кодын біледі. Шотта отбасына ағымдағы шығыстар үшін қажет ақша қалды. Бұл ақшаны банкомат арқылы алуға бола ма деген сұрақ туындайды.
Жоқ, PIN-кодты немесе банктік қосымшадан парольді білу туыстарына қайтыс болған адамның қаражатын өз бетінше басқаруға құқық бермейді. Банк картасы - бұл тек шотқа қол жеткізу құралы. Қайтыс болған адамға тиесілі ақша мұраның бөлігі болып табылады және мұрагерлерге белгіленген тәртіппен берілуге тиіс.
Бұл жағдайда ерлі-зайыптылардың бірлескен мүлкінің ерекшеліктерін ескеру қажет. Егер қаражат некеде жинақталған болса және ортақ бірлескен меншікке жататын болса, алдымен тірі қалған жұбайының үлесін анықтау қажет болуы мүмкін. Бұл жағдайда мұраның құрамына қайтыс болған адамның үлесі кіреді.
Егер қайтыс болған адамның БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары болса, оның отбасы мүшелеріне осы қаражат есебінен жерлеуге біржолғы төлем жасалуы мүмкін. Төлем мөлшері заңнамамен және жеке зейнетақы шотындағы жинақ сомасымен шектеледі. Оны алу үшін мұраны ресімдеудің аяқталуын күтпей, белгіленген тәртіппен БЖЗҚ-ға жүгіну қажет.
Зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде көзделген арнайы қағидалар бойынша мұраға қалдырылатынын ескеру маңызды. Жерлеуге төленгеннен кейін қалған қаражат заңнамада белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылуы мүмкін. Бұл ретте зейнетақы жинақтарын кәдімгі банктік шоттағы ақшалай қаражатқа теңестіруге болмайды.
Депозиттерге, инвестицияларға және сақтандыру төлемдеріне не болады?
Ағымдағы шоттардағы ақшадан басқа, мұраға банктік депозиттер, бағалы қағаздар, инвестициялық қорлардың пайлары және басқа да мүліктік құқықтар кіруі мүмкін.
Мысалы, адам мобильді қосымша арқылы акцияларды үнемі сатып алып, бірақ ешқашан өз инвестицияларын отбасымен талқыламайды. Ол қайтыс болғаннан кейін туыстары ол қолданған платформаның атын ғана біледі. Мұндай жағдайда бағалы қағаздардың қандай ұйым арқылы сатып алынғанын және қайтыс болған адамға қандай активтер тиесілі екенін анықтау маңызды. Бұл мәліметтер мұрагерлік құқықтарды ресімдеу үшін нотариусқа берілуі керек.
Сақтандыру шарттары ерекше назар аударуға тұрарлық. Егер қайтыс болған адам өмірді сақтандыруды немесе кредит алған кезде сақтандыруды ресімдеген болса, мұрагерлер оның қайтыс болуына байланысты төлемнің көзделгенін анықтауы керек. Мысалы, адамның сақтандыру шарты жасалған өтелмеген кредиті қалды. Егер қарыз алушының қайтыс болуы сақтандыру жағдайы деп танылса, төлем шарттың талаптарына сәйкес берешекті өтеуге бағытталуы мүмкін.
Алайда, сақтандыру құжатының өзі кредиттің толық өтелуіне кепілдік бермейді. Сақтандыру шарттарын, көзделген ерекше жағдайларды және төлем алуға өтініш беру тәртібін тексеру қажет.
Сондай-ақ, пайда табушыға тағайындалған сақтандыру төлемі әрдайым мұраның бөлігі бола бермейтінін ескеру маңызды. Оның құқықтық режимі сақтандыру түріне және шарттың талаптарына байланысты.
Кредиттер мен қарыздар мұрагерлерге ауыса ма?
Ең жиі кездесетін сұрақтардың бірі – туыстары қайтыс болған адамның кредиттерін өтеуі керек пе. Қарыз алушының қайтыс болуы берешектің автоматты түрде өздігінен есептен шығарылуын білдірмейді. Белгілі бір міндеттемелер мұрагерлерге мүлікпен бірге өтуі мүмкін.
Алайда, заң мұрагерлердің қайтыс болған адамның қарызы бойынша жауапкершілігінің мөлшерін шектейді. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1081-бабына сәйкес мұраны қабылдаған мұрагерлер мұра қалдырушының мiндеттемелерi бойынша ортақ, мұрагерге ауысқан мүлiк құнының шегiнде жауап береді.
Бұл кредитор барлық мұрагерлерге бірлесіп және олардың кез-келгеніне жеке талап қоюға құқылы дегенді білдіреді. Бұл ретте әрбір мұрагер өзінің барлық жеке мүлкімен емес, қайтыс болған адамның борыштары бойынша алынған мұраның құны шегінде ғана жауап береді.
Мысалы, адам қайтыс болғаннан кейін құны 5 млн теңгелік автомобиль және 8 млн теңгеге өтелмеген кредиті қалды. Егер мұрагер автокөлікті мұраға алса, оның қайтыс болған адамның қарыздары бойынша жауапкершілігі барлық берешек сомасымен емес, мұрагерлік мүліктің құнымен 5 млн теңгемен ғана шектеледі.
Бұл ретте 5 млн теңге – бұл автоматты түрде өндіріп алынатын сома емес, мұрагердің жауапкершілігінің шекті мөлшері. Өтелуге тиіс нақты сома кредит бойынша белгіленген берешек және кредитордың негізделген талаптары негізге алына отырып айқындалады, бірақ мұраған қалған мүліктің құнынан аспауға тиіс.
Маңызды! Кредитті өтеу туралы шешім қабылдамас бұрын, мұрагерлерге қарыздың қалдығы туралы ресми ақпарат алуға, кепілдің, кепілгерліктің және сақтандырудың бар-жоғын тексеруге кеңес беріледі. Қандай міндеттемелер расымен де мұраға айналатынын білмей, берешекті өз қаражатыңызбен өтеуге асықпаңыз.
Салық борыштарына ерекше назар аудару қажет. Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қайтыс болған жеке тұлғаның қайтыс болған күні немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот актісі заңды күшіне енген күні пайда болған берешегі заңда көзделген жағдайларда мұрагерлер мұраға қалған мүліктің құны шегінде және ол қабылданған күнгі жағдай бойынша олардың үлестеріне барабар өтеледі. Мұрагерлердің жекелеген санаттары мен міндеттемелер үшін ерекшеліктер қарастырылған.
Мүлікті сақтап, борыштан бас тартуға бола ма?
Жоқ. Сіз депозит немесе пәтер сияқты мұраның тиімді бөлігін ғана қабылдап, мұраға байланысты міндеттемелерден бас тарта алмайсыз. Егер борыштың құны күмән тудырса немесе мұрагер мұраны қабылдағысы келмесе, ол одан бас тартуды қарастыра алады.
Жалпы ереже бойынша бас тарту мұрагерлік ашылған күннен бастап алты ай ішінде нотариус арқылы ресімделеді. Бұл ретте мұраның бір бөлігінен бас тартуға болмайды, ал шешімнің құқықтық салдары бар.
Сондықтан мұрадан бас тартпас бұрын мүліктің құрамын, берешек мөлшерін белгілеп, нотариуспен кеңесу маңызды.
Мобильді банкинг пен цифрлық активтер не болады?
Бүгінгі таңда адамның қаржылық өмірінің едәуір бөлігі цифрлық форматта. Банктік қосымшалар, инвестициялық платформалар, электрондық әмияндар, интернет-дүкендер және ақылы қызметтер оның мүліктік құқықтары мен міндеттемелеріне байланысты болуы мүмкін.
Бірақ бұл жерде қаржылық активке құқықты және есептік жазбаға кіруді ажырату маңызды. Мынадай жағдайды елестетіп көрелік: күйеуі қайтыс болғаннан кейін әйелі оны телефонынан инвестициялық қосымшаны тауып алды. Ол құпиясөзді біледі және шотта бағалы қағаздар бар екенін көреді.
Акцияларды ол өзінше сата ала ма және ақшаны шығара ала ма?
Жоқ. Қосымша аккаунтқа кіруге мүмкіндік берсе де, бұл мұрагерлік құқықтарды рәсімдеуге болады деген сөз емес. Активтерді алу үшін нотариусқа хабарласып, содан кейін тиісті қаржы ұйымының талаптарын орындау қажет.
Осыған ұқсас қағидат банктік қосымшалар мен электрондық әмияндарға қатысты қолданылады: қайтыс болған адамның телефонына қолжетімділіктің болуы туыстарының оның атынан операциялар жүргізуге құқылы екенін білдірмейді.
Банктік шоттармен тікелей байланысты емес цифрлық қызметтерге қатысты жағдай одан да күрделі.
Мысалы, қайтыс болған адамда:
инвестициялық платформалардың электрондық әмияндары мен шоттары;
ақылы жазылымдар және бұлтты сақтау;
әлеуметтік желілердегі парақшалары және электрондық поштасы;
интернет-дүкен, сайт немесе басқа цифрлық бизнес қалуы мүмкін.
Мұндай қызметтерді одан әрі пайдалану тәртібі активтің сипатына, шарттың талаптарына және заңнамаға байланысты.
Егер әңгіме ақша, бағалы қағаздар немесе мүліктік құқықтар туралы болса, олар мұрагерліктің құрамына кіруі мүмкін. Алайда нақты аккаунтты пайдалану құқығы міндетті түрде мұрагерлерге берілмейді.
Әлеуметтік желілер мен бұлтты сервистер де өз қағидаларын белгілейді. Платформаға байланысты туыстары аккаунтты жабу, оны естелік мәртебеге ауыстыру немесе белгілі бір деректерді сақтау туралы сұрау сала алады. Бұл ретте мүлікті мұраға қалдыру қайтыс болған адамның жеке хат жазысуын оқуға немесе оның барлық файлдарына қол жеткізуге автоматты құқықты білдірмейді.
Тұрақты төлемдер мен жазылымдарды жеке тексеру керек. Кейбір қызметтер тиісті сервисте көзделген тәртіппен олардың күші жойылғанға дейін қолданылуын жалғастыра алады.
Егер қайтыс болған адам цифрлық бизнеске ие болса, сайтқа, доменге, бағдарламалық қамтамасыз етуге және басқа да активтерге мүліктік құқықтар кімге тиесілі екенін, сондай-ақ клиенттер мен серіктестердің алдында қандай міндеттемелер болғанын қосымша анықтау қажет.
Мұрагерлерге қалай әрекет ету керек: қадамдық тәртіп
Қаржы активтерін жіберіп алмау және қосымша қиындықтарды болдырмау үшін мынадай тәртіпті ұстану ұсынылады.
1. Нотариусқа жүгініңіз. Егер мүліктің толық құрамы әлі белгісіз болса да, мұрагерліктің ашылған күнінен бастап алты ай ішінде мұны жасаңыз.
2. Активтер туралы ақпаратты жинаңыз. Белгілі банктерді, депозиттерді, инвестициялық шоттарды, зейнетақы жинақтарын, электрондық әмияндарды және сақтандыру шарттарын көрсетіңіз. Мәліметтерді нотариусқа беріңіз.
3. Қарыздардың бар-жоғын анықтаңыз. Кредиттерді, қарыздарды, кепілдіктерді және салық берешегін тексеріңіз. Сақтандыру болған жағдайда төлемді алу мүмкіндігін нақтылаңыз.
4. Мүлік пен міндеттемелерді бағалаңыз. Мұрагерлік активтердің құнын борыш мөлшерімен салыстырыңыз. Егер күмән туындаса, мұрагерлікті қабылдаудың немесе одан бас тартудың салдарын нотариуспен талқылаңыз.
5. Мұрагерлік құқықтарды ресімдеңіз. Қажетті құжаттарды алғаннан кейін банктерге, брокерлік компанияларға, БЖЗҚ-ға және активтері бар басқа ұйымдарға хабарласыңыз.
6. Цифрлық сервистерді анықтаңыз. Аккаунттарды жабу, жазылымдарды алып тастау және мүліктік активтерді алу тәртібін нақтылаңыз. Операцияны өз бетінше жүргізу үшін қайтыс болған адамның есептік жазбаларын пайдаланбаңыз.
Жақындарыңызға қаржылық мәселелерді шешуді алдын ала қалай жеңілдетуге болады?
Мұрагерлік туралы әңгімелер сирек жағдайда оңай болады. Бірақ шоттар, жинақтар мен міндеттемелер туралы ақпараттың болмауы отбасы үшін қосымша қиындықтар туғызуы мүмкін
Сіз пайдаланатын банктердің, брокерлік компаниялардың, сақтандыру ұйымдарының және басқа да қаржы сервистерінің тізбесін алдын ала жасау пайдалы. Ұйымның атауын және құжаттардың сақталу орнын көрсету жеткілікті. Мұндай тізімге құпия сөздерді, PIN-кодтарды және кіру кодтарын жазудың қажеті жоқ.
Егер сізде айтарлықтай жинақтар, инвестициялар немесе жеке бизнес болса, нотариуспен мұрагерлік мәселелерін және өсиетхатты ресімдеу мүмкіндігін алдын ала талқылау керек.
Өсиетхат мүліктің тағдырын анықтауға көмектесетінін, бірақ мұрагерлердің барлық цифрлық аккаунттарға автоматты түрде қол жеткізуіне кепілдік бермейтінін есте сақтау маңызды.
Мұрагерлік - бұл тек ақша мен мүлік қана емес, сонымен қатар жақындарына өтуі мүмкін міндеттемелер. Нотариусқа уақытылы жүгіну, активтер мен қарыздарды тексеру, сондай-ақ цифрлық құқықтарды дұрыс ресімдеу мұрагерлерге артық қиындықтарды болдырмауға және өз мүдделерін қорғауға көмектеседі.


