​Жастар – өзгерістің көрермені емес, қозғаушы күші: Қазақстанның жаңа буыны қоғамды қалай өзгертіп жатыр?

0
114

Қазақстандағы 14–34 жас аралығындағы жастар саны шамамен 5,89 миллион адамды құрайды.


​Жастар – өзгерістің көрермені емес, қозғаушы күші: Қазақстанның жаңа буыны қоғамды қалай өзгертіп жатыр?

фото: aimaq09.kz

Кез келген мемлекеттің немесе қоғамның келешегі қандай болатынын оның жастарына қарап бағамдауға болады. Өйткені бүгінгі буынның білімі мен танымы, ұстанымы мен ұстыны ертең елдің дамуына тікелей әсерін тигізеді. Тиісінше, бүгінгі Қазақстанның жастары ел ісіне етене араласып келе жатыр. Олар волонтерлік қозғалыстарға қатысып қана қоймай, әлеуметтік проблемаларды өз деңгейлерінде шешуге, экологиялық және кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыруға шындап атсалысуда. Бұл ел жастарының тарихи өзгерістерді өздерінен бастауға құмбыл екенін аңғартады. Осы орайда жастар қозғалысын қоғам игілігіне бағыттау жолында мемлекеттік жастар саясатының да үлесі мол екенін атап өту қажет.


Ресми деректерге сүйенсек, қазір Қазақстандағы 14–34 жас аралығындағы жастар саны шамамен 5,89 миллион адамды құрайды. Бұл ел халқының 28,7 пайызы. Оның 3,76 миллионы қалада, 2,13 миллионы ауылдық жерде тұрады. Жастардың мұндай әлеуеті оларды ел дамуының маңызды қозғаушы күшіне айналдырады. Сондықтан бүгінгі мемлекеттік жастар саясатының негізгі міндеті – жастарға қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың ел ісіне белсене араласуына жағдай жасау болып саналады.


Бірер жыл бұрын елімізде «Мемлекеттік жастар саясатының 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілген. Сол құжатта 2029 жылға қарай жастардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу үлесін 30 пайызға, қоғамдық кеңестер құрамындағы жастар квотасын 20 пайызға жеткізу жоспарланған. Одан бөлек волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға қосылатын жастар үлесін 30 пайыздан асыру міндеті бекітілген. Демек, бұл құжат ел жастарына реформалардың бақылаушысы емес, шешім қабылдауға қатысатын белсенді мүшелері болуға мүмкіндік сыйлап отыр. Осы ретте Қазақстан жастарының белсенділігіне түрлі бағыт бойынша тоқталып өтейік.


Жастардың белсенділігін көрсететін бағыттың бірі – волонтерлік қозғалыс. Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегі бойынша, елімізде 800-ге жуық волонтерлік ұйым, 2 мыңнан астам бастамашыл топ және 300 мыңға жуық белсенді ерікті қоғамдық жұмыстарға қатысқан. Сонымен қатар осы бағытқа 250-ден аса шағын грант бөлініп, бірлескен жобалар жүзеге асырылған. Бұл деректер Қазақстан жастарының волонтерлік қозғалысқа белсене атсалысып келе жатқанын аңғартады. Жастардың қоғамдық белсенділігінде экология мәселесі де ерекше орын алады. Қоршаған ортаны қорғау, жасыл желекті ұлғайту, абаттандыру сынды істер – жас буын үшін маңызды бастамалар болып саналады. Осы бағыттағы танымал жобалардың бірі – «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары. Аталған бағдарлама аясында мыңдаған жас маусымдық жұмыспен қамтылып келеді. Ал «Таза Қазақстан» республикалық акциясы экологиялық аз ғана уақыт ішінде ауқымды бастамаға айналды. Оған жастар ұйымдары, студенттер мен еріктілер белсене қатысып жүр.


Қазір елімізде тың идеяларын ұсынатын жастар да көп. Ал олардың ойы нақты іске айналуы үшін қаржылық және ұйымдастырушылық қолдау қажет екені белгілі. Осы ретте «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының маңызы зор болып тұр. Сәйкесінше, 2026 жылы республика жастары үшін әрқайсысы 3 миллион теңгені құрайтын 30 грант бөлінді. Байқауға 2200-ден астам өтінім түсіп, 30 жас жеңімпаз атанды. Гранттар ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа және волонтерлік бағыттарын қамтиды. Мұндай бағдарламалардың басты құндылығы – жастарға дайын шешім ұсыну емес, өз идеясын жүзеге асыруға жол ашу.


Қазақстандағы 5,89 миллионнан астам жастың 2,13 миллионы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан жастар саясаты тек ірі қалалардағы мүмкіндіктермен шектелмеуі маңызды. Себебі, ауыл жастары үшін сапалы білім, интернет, жұмыс орындары және кәсіпкерлікті дамытуға қажетті қаржыға қолжетімділік сынды мәселелер өзекті.


Жалпы, Қазақстан жастарының белсенділігін тек өткізілген форумдар немесе акциялардың санымен бағалауға болмайды. Оның нақты нәтижесі қоғамдағы өзгерістерден көрінуі керек. Осы тұста жастардың пікірін тыңдау да ерекше мәнге ие. Мемлекеттік бағдарламалар мен қоғамдық жобаларды әзірлеу барысында олардың ұсыныстары ескерілсе, жастар мен мемлекет арасындағы сенім нығая түсері анық.


Бүгінгі жас – ертеңгі маман, кәсіпкер, ұстаз, ғалым немесе қоғамдық көшбасшы. Бірақ оның қоғамға қосатын үлесі болашақта ғана көрінбейді. Ол қазір де өз ортасына ықпал етіп, елдің дамуына атсалыса алады. Әрине, жастар саясатының алдында жұмыссыздық, тұрғын үйге, өңірлер арасындағы мүмкіндік теңсіздігі сынды мәселелер бар. Оларды шешу үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жастардың бастамаларына жол ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі, жастардың қоғамдық белсенділігіне жағдай жасау – елдің адами капиталына салынған инвестиция. Жастар – өзгерісті сырттан күтетін буын емес, оны жүзеге асыратын қозғаушы күш. Ал қоғамның міндеті – сол әлеуетке сенім артып, әр бастаманың нақты іске айналуына мүмкіндік беру.

Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ