Кәсіпкерлерге жыл соңына дейін табиғи газға көшіп, экологиялық талаптарды сақтау ұсынылды.
Фото: Алматы әкімдігі
ERNUR.KZ. Алматының Түрксіб ауданында «Алматы — таза ауа» экологиялық акциясы аясында дәмхана, кәуапхана, дүкен және басқа да коммерциялық нысандардың иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кәсіпкерлерге отын, мангал пайдалану және ауаны тазарту жүйелеріне қойылатын талаптар ескертілді, деп жазады inform.kz.
Қатты отын жағу кезінде ауаға түтін, күйе және зиянды заттар тарайды. Бұл жақын маңдағы тұрғын үйлерде тұратын адамдардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
— Санитариялық қағидаларға сәйкес, тұрғын үйлерде және басқа да ғимараттарда орналасқан қоғамдық тамақтану орындарында қатты отынмен жұмыс істейтін мангалдар мен тандырларды пайдалануға тыйым салынады. Тағам дайындау үшін газ және электр жабдықтары, сондай-ақ түтін мен иісті сүзгіден өткізетін желдету жүйелері қолданылуы тиіс, — делінген хабарламада.
Кәсіпкерлерге жыл соңына дейін табиғи газға көшіп, экологиялық талаптарды сақтау ұсынылды.
Сонымен қатар дәмханалардың біріне Алматы қаласын көріктендіру қағидаларын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Айыппұл көлемі 20 АЕК не 86 500 теңге болды.
2026 жылы 10 қарашадағы жағдай бойынша қалада көріктендіру қағидаларын бұзғаны үшін жалпы 1 миллион 211 мың теңге болатын 11 әкімшілік хаттама толтырылды. Олардың қатарында қоғамдық тамақтану орындарымен бірге басқа да саладағы ұйымдар бар.


