Фейктер және хайп-схемалар: неліктен интернеттен көргеннің бәріне сенуге болмайды

0
72

Неліктен Интернеттегі барлық нәрсеге сене беруге болмайтынын және ақпараттық қауіпсіздікті қалай қамтамасыз ету керек?


Фейктер және хайп-схемалар: неліктен интернеттен көргеннің бәріне сенуге болмайды

ERNUR.KZ. Біз таңқаларлық қызықты және күрделі дәуірде өмір сүріп жатырмыз: бір жағынан, біз өзімізді қызықтыратын кез келген ақпаратты бірнеше секунд ішінде ала аламыз, ал екінші жағынан, фейктерге және хайп-схемаларға алданып қалуымыз мүмкін.

Неліктен Интернеттегі барлық нәрсеге сене беруге болмайтынын және ақпараттық қауіпсіздікті қалай қамтамасыз ету керек?

Фейктер және хайп-схемалар – бұл не?
Күнделікті өмірде біз фейктердің не екенін және оларға неге сенуге болмайтынын түсінетін сияқтымыз. Соған қарамастан, министрліктер мен басқа да мемлекеттік органдар ай сайын мыңдаған адамдар сенген, кейбіреуі тіпті ақшасын жоғалтып үлгерген тағы бір жалған ақпаратты жоққа шығарады.
Соңғы мысалдардан: әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1949 жылдан 2010 жылға дейін туған қазақстандықтарға 70 000 теңге көлемінде төлемдер төленуге тиіс екені туралы ақпарат тарады. Қаражат алу үшін, әрине, зиянды сілтемеге өту керек болды. Сонымен қатар, мұндай әлеуметтік көмек түрі жоқ, бұл – сілтеме арқылы сенгіш азаматтардың жеке мәліметтерін алғысы келген алаяқтардың ісі. Жәрдемақылар, төлемдер және жеңілдіктер туралы барлық ақпарат тек 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар арқылы таратылады.
Тағы бір мысал: Facebook әлеуметтік желісінде танымал «Алтын алма» дүкенінің пікіртеріміне қатысқаны үшін тегін бьюти-бокстарды уәде ететін жарнамалар таратылды. Жарнамадағы әйел соның арқасында тегін өнім алуға болатын бір «құпияны» ашқанына сендірді. Алайда, дүкеннің өзі бьюти-бокстарды алудың ешқандай жарнамасы немесе жасырын жолы жоқ екенін –олардың тіпті сатылымда да жоқ екенін және бұл тегін емес екенін айтты. Ал сілтеме бойынша кірген сайттарда деректерді сұраған, содан кейін картадан ақша ұрлаған. Сондай-ақ, алаяқтар «Алтын алманың» атынан пікіртерімдер ұйымдастырған, әрі қарай олар «сыйлық алу» үшін карта нөмірін енгізуді сұраған. Нәтижесінде адамдар ақшасынан айырылған, себебі іс жүзінде ешқандай сыйлықтар болмаған.
Сондай-ақ, фейктерден бөлек көптеген басқа да алаяқтық амалдар бар, мысалы, хайп-схемалар. Олардың көмегімен қаскүнемдер төмендегілер арқылы өздерінің контеніне назар аудартады:
«Мемлекеттен қанша ақша алуға болатынын естісеңіз, сенбейсіз!» деген сияқы кликбейттік тақырыптар;
  • ойдан шығарылған трагедиялар немесе сенсациялар – блогер Daricorn ата-анасының келісімінсіз камераға түсіріп алып, кейін оның жауабын бұрмалаған, соның салдарынан Балалар құқықтары жөніндегі өкіл Динара Закиева мен мемлекеттік органдар араласқанға дейін әлеуметтік желілер, мектеп пен таныстарынан қысым көрген баланы мысал ретінде келтіруге болады;
  • жазылушылар, репосттар, сатылымдарды арттыру үшін оқиғаларды бұрмалау – мұндай әдісті жазылушылардан мәжбүрлеп алу немесе қолдау көрсету үшін қандай да бір курстан өтуді ұсыну арқылы ажырасу, банкроттық туралы жалынышты оқиғаларды ойдан шығара отырып, көбінесе әлеуметтік желілердегі блогерлер пайдаланады.
Алайда адамдарға әсіресе қаржылық хайп-схемалар көп зиян келтіреді – мұнда бізге барынша танымал қаржы пирамидалары әрекет ете бастайды, олар тиімді инвестициялық схемалардың, «табысты адамдар» клубы мен тиімді бағада сататын дүкендердің атын жамылады. Кеңінен тараған мысалдар ретінде мыналарды атауға болады:
  • тиімді инвестициялар – Finiko қаржы пирамидасы өз салымшыларына айына 20–30% табыс табуды уәде еткен. Нәтижесінде адамдар бірнеше миллион теңгені құрайтын ақшаларынан айырылып қалған;
  • жалған экожобалар немесе «жасыл инвестициялар» - алаяқтар қазақстандықтарға күн электр станцияларына ақша салуды ұсынып, жылдық 3000% табыс табатындарын уәде еткен, бірақ салымшылар шамамен 300 миллион теңге қаражатынан айырылған;
  • Көкшетаудағы жабық «Миллионерлер клубы», ол адамдарға 100 000 теңге жарна енгізген жағдайда табысқа жету құпияларын ашуға уәде берген, бірақ 3 000 салымшы шамамен 600 миллион теңгесінен айырылып, ешқандай ақпарат ала алмаған;
«шетелдік инвестициялық компаниялар» - Sincere Systems Group қаржы пирамидасы өзін осылай танытқан. Адамдарға мынадай кірістілігі жоғары жобаларға ақша салу ұсынылған: медициналық каннабис өсіру және сату, сондай-ақ басқа да «инновациялық» бағыттар. Қаржы пирамидасының фиаттық ақшаның орнына SWP және SWCT ішкі токендерімен шоттарды толықтыра алатын пайдаланушылардың жеке кабинеттері бар арнайы сайты болған. Алайда олардың барлық қаражатын алаяқтар өздері иемденіп алған, ондай ақша сомасы 52 миллионнан астам теңгені құраған.
Неге біз фейктер мен хайп-схемаларға сенеміз?
Кез келген алаяқтық біздің сезімдерімізге әсер ете отырып жұмыс істейді: қорқыныш, ашу, аяныш сезімдеріне күшті әсер еткен сайын біз оған сенеміз. Ал алаяқтар біздің сезімдерімізбен шебер жұмыс жасай біледі.
Заманауи адамдар ақпараттық ағынның салдарынан да зардап шегуде: әлеуметтік желілер, телеарналар, жаңалық сайттарындағы деректердің көптігі сонша, оларды тексеріп отыруға мүмкіндік жоқ. Сондықтан адамдар бірінші көрген және тәжірибесінен өткен нәрсеге сенеді.
Әлеуметтік желілердің алгоритмдері де шегінер емес — олар бізге фактілерді емес, жанжал немесе арандату реакциясын тудыратын нәрселерді шығарып отырады.
Фейк және хайп-платформасын қалай білуге болады?
Жаңалық немесе хабарландыру көргеннен кейін бірден дереккөзді тексеру — бұл медиа сенімді ме, оның беделі қандай, редакциясында кім жұмыс істейді, ол қандай жарияланымдар жасайды – жанжалдар немесе талдамалық;
Мемлекеттік органдардың растауы бар ма екен, соны тексеріңіз — әлеуметтік желілер дәуірінде олар барлығына өте жылдам жауап береді, әсіресе бұл фейк болса;
Бір ақпаратты бірнеше БАҚ және дереккөз қалай ұсынатынын салыстырыңыз – құрметті баспаларда, телеграм-арналарда және тағы басқа орындарда бұл жаңалыққа немесе хабарландыруға уақыт арнаған ба;
Тыныс белгілері мен грамматикаға назар аударыңыз – леп белгінің, капслоктың, эмоциялардың, сондай-ақ қарапайым қателердің жиі ұшырасуы алдыңыздағы ақпараттың фейк болу ықтималдығын күшейтеді;
StopFake және FactCheck.kz басылымдарының аккаунттарына міндетті түрде жазылып алыңыз – олар жүйелі түрде танымал фейктер мен хайп-схемаларды талдап отырады.