Қол сұғылмайтын шотты ресімдеу алдында шарттың талаптарымен мұқият танысуды ұсынамыз.
ERNUR.KZ. Ешбір адам қаржылық қиындықтардан сақтандырылмаған және мұндай сәттерде адамның қарызы болған кезде де кірістің бір бөлігін қорғауға құқығы бар екенін білу маңызды. Ол үшін арнайы «қол сұғылмайтын» шот (арнайы шот) бар – әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды есептен шығарудан және тыйым салудан сақтауға көмектесетін банктік құрал.
Арнайы шот не үшін қажет, оны қалай дұрыс ресімдеу керек және оның көмегімен қандай төлемдерді қорғауға болады?
Арнайы шот дегеніміз не
Арнайы шот – тек қорғалған кірістерді есепке алуға арналған банктік шоттың ерекше түрі. Оларға мыналар жатады:
• мүгедектік бойынша жәрдемақы;
• жүктілік және босану бойынша төлемдер;
• бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы;
• денсаулыққа зиян келтіргені үшін өтемақы;
• алименттер;
• әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер;
• ТЖ кезіндегі өтемақы және т.б.
Бұл қаражат сізге қатысты атқарушылық іс қозғалған болса да, өндіріп алуға жатпайды. Бұл ретте зейнетақы, жалақы, стипендия, кәсіпкерлік қызметтен түсетін кіріс қорғалғандар қатарына жатпайды. Бұл егер қарыздар болса, олар есептен шығарылуы мүмкін дегенді білдіреді.
Мынадай жағдайды елестетіп көрейік: Әлия – бала күтімі бойынша жәрдемақы алатын декреттік демалыстағы ана. Ол арнайы шот ашу мүмкіндігі туралы білмеді, сондықтан ақша кәдімгі картаға түсті. Бастапқыда бәрі жақсы болды, бірақ содан кейін күтпеген өмірлік жағдайларға байланысты ол ипотеканы уақтылы төлей алмады, қарыздары пайда болды және банк қарызды өтеу үшін жәрдемақының бір бөлігін есептен шығара бастады. Алайда, егер Әлия арнайы шот ашып, әлеуметтік жәрдемақы дәл сол жерге түссе, банк оған тиіспес еді. Осы мысал арқылы көз жеткізгеніңіздей, форс-мажорлар жағдайында әлеуметтік төлемдерді ресімдеу кезінде шотты дұрыс таңдау өте маңызды, себебі тек арнайы шот ақшаны тыйым салудан қорғауға кепілдік береді.
Сондай-ақ, арнайы шотты өз бетіңізше толықтыруға болмайтындығына назар аударамыз, себебі онда тек мемлекеттен төленетін әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар, кәмелетке толмағандар мен еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға алименттер, азаматтардың тұрғын үй құрылыс жинақтарын төлеу, білім беру жинақтау салымдары ғана есепке алынады. Банктер төлем тағайындаудың тиісті коды және ақша жөнелтуші бойынша осындай шоттарға ақшаның түсуін бақылауды жүзеге асырады.
Бұл ретте шот иесі ақшаны еркін басқара алады: кез келген картаға аудару, депозитке салу немесе банкоматтан алу. Кейбір банктерде ыңғайлы болу үшін сізге арнайы шотты ресімдеумен қатар төлем картасын шығару ұсынылуы мүмкін.
Сонымен қатар, сізде арнайы шот болмаса да, заң бойынша ешкім сіздің шотыңыздан ақша қалдығын немесе екі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі ең төменгі соманы есептен шығаруға құқылы емес. 2025 жылға 1 АЕК 3 954 теңгеге, 2 АЕК — 7 908 теңгеге тең. Бұл сома қол сұғылмайтын минимум болып табылады және оны кез келген жағдайда, тіпті тыйым салынған немесе қарыздар болған кезде де сіздің шотыңызда қалдыру қажет.
Әлияға оралайық: банк оның картасынан барлық соманы, тіпті қол сұғылмайтын кем дегенде 7 908 теңгені бұғаттады деп елестетіп көрейік. Ол бұл ақшаға ешкімнің қол тигізуге құқығы жоқ екенін білді, ол сот ісін бастады және оны қайтарып алды. Яғни, Әлияда арнайы шот болған жоқ, бірақ бұл жағдайда да оның картасында 2 АЕК-тің ең төменгі сомасы қалуы керек, себебі бұл заңнаманың талабы.
Арнайы шотты қалай ашуға болады
Естеріңізге сала кетейік, арнайы шотқа түсетін төлемдерді ғана қорғау болады, әдеттегі шоттан ақшаны алуға мүмкіндік бар, сондықтан арнайы шот ашуды мүмкіндігінше байыпты қабылдаңыз және барлық кезеңдердегі ақпаратты тексеріңіз.
Жеке басын куәландыратын құжаттан басқа арнайы шот ашу үшін банкке немесе «Қазпошта» АҚ-қа (бұдан әрі – банк) ағымдағы шоттың мақсатын қамтитын өтініш беру қажет. Бұл ретте мыналар қосымша ұсынылады:
- алимент алушылар (кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды күтіп-ұстауға арналған ақша) – алимент өндіріп алу туралы сот актісінің (кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды асырауға арналған ақша) көшірмесі немесе неке (ерлі-зайыптылық) және Отбасы туралы кодекске сәйкес жасалған оларды төлеу туралы нотариат куәландырған келісім;
– тұрғын үй төлемдерін есепке алу және тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға сәйкес мақсаттарға төлемдерді жүзеге асыру үшін – Клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларында көрсетілген бірқатар қосымшаларға сәйкес ағымдағы тұрғын үй төлемдерін алушы туралы анықтама.
Маңызды: арнайы шот тегін ашылады, банктер оған қызмет көрсеткені үшін комиссия алмайды. Сонымен қатар, салық берешегінің немесе мерзімі өткен кредиттің болуы мұндай шотты ашудан бас тартуға негіз бола алмайды. Яғни, банктің осы себептер бойынша клиентке бас тартуға құқығы жоқ.
Қол сұғылмайтын шотты ресімдеу алдында шарттың талаптарымен мұқият танысуды ұсынамыз. Егер қандай да бір тармақтар күмән тудырса немесе түсініспеушілік тудырса, дереу банк қызметкеріне түсініктеме сұраңыз. Ешқашан шартқа толық оқымай немесе барлық талаптарын түсінбей қол қоймаңыз.
Егде жастағы адамдардың кез келген құжаттарын ресімдеуге неғұрлым жас туысқандарын қосу ұсынылады. Олар банктік құжаттаманы жақсы біледі және болашақта туыстарының құқықтарын қорғау үшін бүкіл процесті тіркеп жазады.