Туғаннан тастанды атанған Сезім Орал қаласындағы жекеменшік балалар үйінде тәрбиеленген. Оның айтуы бойынша, бұл жекеменшік балалар үйінде қыз балаларды 13 жастан бастап шет елдерге жыныстық құлдыққа сататын көрінеді.
иллюстрациялық фотолар: ашық дереккөзден
Тағдырдың теперішін көп көрген қызбен ERNUR.KZ тілшісі тілдесіп қайтты.
Өзінен ересек қыздардан әбден осы туралы қанығып алған ол сегіз жасында жекеменшік балалар үйінен бір топ қызға ілесіп қашып шыққан. Пойыздың жүк тасымалы вагондарында тығылып, қашып жүріп Шымкентке осыдан 15 жыл бұрын келген. Мұнда бірге қашып шыққан ересек қыздармен көшеде ұсақ-түйек сатып нан тауып жеп жүреді. "Вокзалдарда, көшеде, подъездерде ұйықтап жүрдім. Сағыз, тәтті сатып нан тауып жедім", - дейді Сезім.
Тағдырдың теперішін туғаннан тартып келе жатқан Сезімді Арыс қаласынан ерлі-зайыптылар асырап алған көрінеді. "Құжаттарыңды реттеп береміз, оқытамыз" деп уәде де беріпті. Бірақ, бұл құр уәде боп шыққан. Сезімнің айтуы бойынша, асырап алған ата-анасы алғаннан бастап дүкенге сатушы етіп жұмсап, күн-түн демей жұмыс істеткен.
"Асырап алған анама жақын болғым келді. Өгей әкем мейіріммен қарауға тырысты. Өгей анамның көңілінен шықпай-ақ қойдым. Сол үйдің отымен кіріп, күлімен, шығып жүрдім. Мені ешкім "жетім" деп айтпасын деп тырысып-ақ бақтым. Үйдегі, асыранды ата-анамның баласымен, ініммен сабақ оқып жүріп, оқуды да меңгеріп алдым. Өгей шешем намысыма тие берген соң кетіп қалдым", - дейді Сезім.
"Оқуға түсірмек түгілі, құжат дайындап беру де ойларында болған жоқ. Әбден жұмсап, ұрып-соқты, әрең шыдадым. Денемнің сынбаған жері жоқ", - деген Сезім Арыстағы асырап алған ата-анасының ақыры қуып шыққанын айтады.
Шымкентке қайта кеп сәті түскен жұмысқа жегіліп, күн көріп, нәпақасын тауып жүріп Сезім құжаттарын рәсімдеп алмақ боп көші-қон полициясына, әкімдікке барғанын айтады. Арыста жүргенде танысқан бір жігітпен көңіл қосып, сүйіктісімен бірге құжаттарын қалпына келтірмек болып талпынады. Одан да түк шықпаған. Тіпті жігіті екеуі тапқан тиын тебенін жинап, Орал қаласына барып, Сезімнің құжаттарын қалпына келтірмек боп архив ақтарады. Сөйтіп жүргенде Сезім аяғының ауырлағанын білген.
Құжаттарының соңында сандалып шаршаған Сезім мен сүйіктісінің арасында ұрыс-керіс, кикілжің көбейіп ақыры ажырап кетеді.
"Екеуміз төрт-бес жылдай көңіл қостық қой. Бір-бірімізге қатты бауыр басып кеткенбіз. Ол да кетәрі емес әлі. Құжаттарымды реттеп алып, азаматыммен, баламның әкесімен бірге қайта қосылсам деген ойым да жоқ емес", - дейді ағынан жарылып Сезім.
Сезімнің ұлы қазір екі жасқа таяп қалған. Оның да әлі құжаттары жоқ. Құжатсыздық қажытып жіберген Сезім баласымен көшеде қалған кезінде полицейлер тауып алып, шекпенділерден зәресі қалмаған балалы ана көші-қон полициясындағы көз таныстарына хабарласады. Сөйтіп солардың айтуымен "Көмек" оңалту орталығына оранласыпты. Мұнда әлеуметтік, психологиялық, құқықтық, бастысы тәрбиелік көмек алып отырғанын айтады.
Ағынан жарылып, жас та болса басынан өткен ауыр оқиғаларды әңгімелеуден қашпайтын Сезімніңжасы қазір 24-те. Бұралаң тағдыр теперішінен шаршаған Сезімнің жанарында нұр болмағанымен, ертеңгі күніне үміті зор. Құжаттарын рәсімдеп, ел қатарына қосылып, ұлымен жарқын өмір сүру - басты арманы...