​Түркістандық өнертапқыш оқушы халықаралық байқауға бара алмай отыр (видео)

0
3 949

Көпбалалы отбасынан шыққан өнерлі бала қаржылық қиындықтың кесірінен халықаралық өнертапқыштар байқауына қатыса алмай қалуы мүмкін. Ал байқау 1 қарашада өткелі жатыр. Демеуші табылса, қазақстандық өнертапқыш елдің намысын қорғап қайтар еді.


​Түркістандық өнертапқыш оқушы халықаралық байқауға бара алмай отыр (видео)

Түркістан қаласының №27 мектебінде 10-сыныпта оқып жүрген Дүйсеков Нұрболаттың осы жылдың 13 қазанында Алматы қаласында өткен "Ұлы өнертапқышқа алғашқы қадам" атты техника жане технология секциясы бойынша сайыста 1-орынды жеңіп алғанынан көпшілік хабардар болмаса керек. Өнертабыс жолында еңбек етіп, білімін шыңдап жүрген 120 оқушының 120 жобасының арасында Нұрболаттың ПВХ материалынан жасалған электр қуатымен істейтін кәдімгі қазақы күбісі үздік деп танылғаны облыс үшін де, Түркістан қаласы үшін де мақтаныш.


Мақтануын мақтанамыз-ау, осындай өнерлі балаларымыз бар деп... Қазақстанның дамуы - осындай өнерлі балалардың қолында екенін жарияға жар сала айтып жүргенімізбен, күбісімен-ақ көзге түскен Нұрболаттың осы жобасымен Санкт-Петербург қаласында 1 қараша күні өткелі жатқан Халықаралық байқауға қатыса алмай қалу мүмкіндігі туып отырғанда көңіл су сепкендей басылады екен.

Көп балалы отбасынан шыққан Нұрболаттың қалтаға едәуір салмақ салатын мұндай байқауларға шамасы келе бермейтіні ащы болса да ақиқат. 8 баланы асырап отырған әкесі теміржолшы болса, анасы бір жалақыға қарап отырған медбике. Нұрболат - бұл отбасында 5-ші перзент. Одан кейін өсіп келе жатқан тағы 3 бала бар. Тұңғыштары 27 жаста, ал ең кенжесі 3 жасқа толады екен жақында.

- Анасы болған соң баламның мұндай байқаулардан қалып кетпегенін қалаймын, әрине. Астана қаласына дейінгі жолын, қажеттіліктерін тауып беруге тырысып отырмыз. Біз бастапқыда барлық жол ақысын көтереміз деп ойлағанбыз. Көпбалалы отбасы болған соң қиындық туып отыр. Жетекшісі "шетелге бару оңай емес екен" деп хабарласты.

Кішкентайынан әрнәрсені құрастырғанды жақсы көреді. Ешкімнің ойына келмейтін заттарды жасайды. Көп нәрсе ойлап тапқысы келеді. Бірақ соның матриалдық жағына келгенде менің бәрін тауып беруге мүмкіндігім бола бермейді. Оған да әжептеуір қаражат керек болады. Сол жағдай жанды жабырқатады. Отбасын асырау, бала-шағаның тұрмыстық қажеттіліктің өзі де оңай емес мына заманда, - дейді Нұрболаттың анасы Құдайбергенова Дидар.


Сонымен қатар, Дидар Құдайбергенова ұлының Қазақстанның, Түркістан облысының, қала берді Түркістан қаласының атынан қатысқалы отырғанын алға тартып, оған қолдау мемлекет немесе облыс тарапынан да болуы қажет деп санайды.



Өнертапқыш баланың мектептегі жетекшісі, технология және көркем еңбек пәні мұғалімі Бауыржан Ниязбековтің де айтуынша, дәл қазір Нұрболатты халықаралық байқауға қатыстырып, өнерін шыңдай түсуге, одан да жоғары жетістіктерге жетелейтін сәттің біріне қатысуға кедергі болып тұрған - материалдық жағдай.

- Өткен жылы қалалық және облыстық байқаулардан жүлдегер атанып, биылғы республикалық жобаға өтінім жолдадық. Бұл байқау екі қалады өтті, ұйымдастырушы - Халықаралық экология, инженерия және педагогика академиясы болатын. Онда біз жаратылыстану бағыты бойынша 1-орынды жеңіп алдық. Сөйтіп Санкт-Петербург қаласына жолдама алдық. Әлде де үмітіміз бар. Мен ойлап едім, екеуміздің жолақымыз көп болса 130-150 мың теңге болатын шығар деп. Бірақ ұшаққа билет біз ойлағаннан да көп екен. Яғни, 250 мың теңгедей қаражат керек екен. Мектеп әкімшілігі қолдан келгенше көмек көрсететінін айтып отыр. Бірақ сонша жерге барып келу оңай емес.

Бүгінге дейін бір кәсіпкер бізге демеушілік танытатын болған еді. Бірақ өмірде түрлі жағдай болады, дәл қазір ол кісінің өзінде бір қиындық болып демеу көрсете алмайын деп отыр. Сол себепті, Санкт-Петербургке барамыз деп өтінім берген жоқпыз әлі. Егер қолымызға билетті алсақ, бірден өтінім берер едік. Әлі де үлгерер едік. 31 қазанда жолға шығып, халықаралық байқауда Нұрболаттың бағын сынауға мүмкіндік туар еді, - дейді ол.

Бұл - басқалар үшін кішкентай ғана сынақ болғанмен, Нұрболат үшін кемел келешекке бастайтын, үлкен жобаларға бағыт сілтейтін ауқымы кең, салмағы бар байқау болғалы тұр. Барлық мүмкіндікті саралай келе, ел алдында, көш басында жүрген халқына қайырыммен қарайтын кәсіпкер ағалардан қаржылай қолдау тауып жатса, өңірдің өнерлі баласына ғана емес, Қазақстанның болашағына жасалған игі іс болғалы тұр.

"Балам дейтін жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын?!" деген емес пе?! Қайырымды ағалар әлде де бар деген сеніммен ақпараттық қолдау көрсетіп демеуші табыла ма деген ниетпен жариялап отырмыз.

Қазақ елінің атын шығаратын болашақ өнертапқыштың жолына өз үлесіңізді қосқыңыз келсе, оның жетекшісі Бауыржан Ниязбековтің +7 747 153 54 13 нөміріне немесе ERNUR.KZ сайтының редакциясына хабарласуыңызға болады.

Әмина Уалиханқызы,

ERNUR.KZ