Ал, Сіз оларды білесіз бе?
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Автокөлік айдаған кезде жол қозғалысы ережелерінің барлық нормаларын ғана емес, сондай-ақ автомобильді қауіпсіз және дұрыс басқаруға мүмкіндік беретін, барлық жүргізушілерге арналған, бірақ заңда жазылмаған ережелерді сақтау керек. Бүгінгі мақаладан солардың ішіндегі ең маңыздысы болып есептелетін бірнешеуімен таныс боласыздар.
Жолдағы өзара сыйластық
Бірінші кезекте автокөлікті басқару кезінде іштей сенімділік және басқа да жол қозғалысындағы жүргізушілерге деген құрмет болу қажет. Егер бір жүргізуші жолдағы басқа да автокөлік жүргізушілеріне агрессивті болса, бұл апатқа соқтыруы мүмкін. Тиісінше ол апат бөгде жанмен қатар, өзіңізге және жолушыларға да қауіп төндіреді.
Өзге жүргізушілердің қимыл-қозғалысын түсіну
Тәжірибелі жүргізуші жол ережелерін біліп қана қоймайды, сонымен қатар жолдағы басқа жүргізушілердің іс-әрекетін, қимыл-қозғалысын дұрыс болжай алады. Бұл өзгелердің оқыс қимылынан зардап шекпеуге септігін тигізеді. Сондай-ақ, мұндай жүргізушілер басқа жүргізушілерге қауіп төніп тұрғаны туралы ескерту үшін фаралармен белгі беріп, кейде әртүрлі қол қимылдарын қолданады.
Бағдармашдағы асығыстық
Көптеген жүргізушілер бағдаршамда тұрып, сары түс жанғанда бірден жүріп кетеді немесе сары түс жанып тұрған сәтте тоқтамастан өтіп кетіп жатады. Алайда, бұл өте қауіпті маневр. Себебі, сіз сары түске өтіп, ол көшені қиятын жолдағы жүргізуші де дәл сол әрекетті жасаса, жол апаты орын алуы өте ықтимал. Сондықтан, асығыстыққа бой алдырмаған дұрыс. «Асыққан шайтанның ісі» демей ме?!
Бөгде жүргізушілерді құлаққағыс ету
Жолда ауыр апаттарға, тіпті қайғылы оқиғаларға себеп болатын белгілі бір қауіпті жағдайлар туындауы ықтимал. Олар – жолдағы терең шұңқырлар, ашық люктер және т.б болуы мүмкін. Сондай кезде тәжірибелі жүргізушілер қауіпті мүмкіндігінше басқа жүргізушілерге ескертуге тырысады. Ол үшін фаралар мен қол қимылдары арқылы белгі береді.
Автотұрақта ережеге сай әрекет етіңіз
Шынында қазір үлкен қалаларда автотұрақ мәселесі бұрынғыдан да өзекті болып тұр. Кейде, кей жүргізушілердің көлікті қала болса солай қоя салуынан өзге жүргізушілер тұрақтайтын орын таппай әбігер болады. Сондықтан, әр жүргізуші автотұрақтағы көлігінің басқаларға ыңғайсыздық туғызбайтындығы туралы ойлануы қажет. Бұл көлігіңізді айып тұрағынан бөлек, ірілі-ұсақты сызаттардан сақтайды.
Көлік тізгінінде барынша ұқыпты болыңыз
Көлік тізгінінде отырған әр жүргізуші қай уақытта, қандай жолмен жүрсе де барынша ұқыпты болуы қажет. Бұл өзіңіз бен өзгегелердің басына түсетін жағымсыз жәйттердің алдын алып, қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етеді.
Аталған ережелер ешқандай құжатта жазылмағанымен, адамдардың қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Құрметті жүргізуші, өзіңізбен қатар, өзгелерді де ойлай жүріңіз!
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
«ҰРЫЛМАҒАН, СОҒЫЛМАҒАН...»: сатылымдағы көліктің «саулығын» қалай анықтайды?