Велосипедтен көлік жасап алған азамат әлемді тәнті етті (видео)

0
3 585

Қазіргі дамыған технология заманында велосипедтердің сан түрі нарықта жүр. Тіпті, өнерлі қолдар мен қабілеттің арқасында көлікке айналғандары да бар.


Велосипедтен көлік жасап алған азамат әлемді тәнті етті (видео)

фото: ашық дереккөзден

Технология жетістіктерінің және өнертапқыш адамдардың арқасында көліктің, техниканың және велосипедтің керемет үлгілері жасалып жатыр. Тіпті, жылдамдығы автокөліктен кем түспейтін, кәдімгі заманауи құрылғылармен жабдықталған «шайтанарбалар» да бар. Бірақ, мына азаматтың өз қолымен жасап шығарған өнертабысы көптің назарын өзіне аударып үлгерген.


Автокөлікке айналған велосипед


Швециялық Микаэль Кьельман атты азамат өз велосипедінен автокөлік құрастырып шығарған және оны «PodRide» деп атаған. Басқыштар арқылы қозғалатын бір орынды жабық көлік құралында жүрісті жеңілдететін қосымша электр қозғалтқыш та бар. Велоавтокөліктің ішіндегі ауа қалпы мен жылуды сақтау үшін қаңқасын матадан жасаған. Тіпті, керек-жарақ немесе азық-түлік қапшықтарын салатын шағын жүк салғыш та бар.

Микаэль Кьельманның айтуынша, ол өзінің өнертабысын күн сайын пайдаланады. Басқыштарды айналдыру арқылы жүретіні болмаса, өте тиімді екен. Сонымен қатар, көлікке тіркеме қосып ауыр заттарды тасымалдауға да болады.

Көліктегі электр қозғалтқыш электровелосипедтен алынған. Бір қозғалғандағы жүріс қоры – 60 шақырымды құрайды. Ең жоғары жылдамдық (қозғалтқыш күшін қосқанда) – сағатына 25 шақырым. Алақандай жерден бұрылып кете алатын көліктің өлшемдері - ұзындығы 1,8 метр, ені 75 см, биіктігі 1,45 метр, салмағы – 70 келі.

Қазір швед өз өнертабысы арқылы ұсақ өндірісін бастауға арналған құралдарды жинап жатыр екен. Сондай-ақ, 30 000 АҚШ доллары шамасында қаражат жұмсалатын «IndieGoGo» велокөлігін құрастыру ойында бар. Ал, Микаэльдің таңдай қақтыратын ісіне қызыққан 300-ден астам адам оның ісіне қолдау көрсетіп жатыр. Сонымен қоймай, велоавтокөліктің бейнежазбасы ғаламторда да танымалдылыққа ие бола бастаған.


Ал, мына велосипед жоғарыда айтқан көліктің жылдамдығы бар нағыз заманауи технологияның көрінісі.


Көлікпен жарысуға қабілетті «шайтанарба»

Шайтанарбалардың шын мәнінде үлкен жылдамдықпен қозғалуға күші жете бермейді. Бірақ жақында «Raht Racer» деп аталатын велосипедтің жаппай өндірісі басталады, ол сағатына 160 шақырым немесе одан жоғары жылдамдықпен жүре алады. Ол мұндай жылдамдық арқылы автокөліктермен қиналмай бәсекеге түсе береді.

Оның үстіне, «Raht Racer» велосипедке қарағанда ықшам көлікке қатты ұқсайды. Бұл көліктің қаңқасы көміртегі негізіндегі композиттік материалдардан жасалған және оның 3 дөңгелегі бар. Ол бір мезгілде өзін-өзі қуаттап отыратын электр қозғалтқышымен және аяқпен басып айналдыратын басқыштармен (педальмен) жабдықталған.

Сондай-ақ, Raht Racer-дің аккумуляторы оған 80 шақырымға дейін бір толық қуат күшімен жүріп өтуге мүмкіндік береді, ал арасында педальды жетекті пайдалану бұл қашықтықты ондаған шақырымға арттырады екен.

Raht Racer велосипедінің автокөлікке тән көптеген сипаттамалары мен ерекшеліктері де бар. Олар – жастық пен қауіпсіздік белдігі, жүргізуші мен жолаушыға арналған екі орындық, жүк салғыш және фитнес-трекер ретінде қызмет атқаратын борттық компьютер және т.б.

Осы көлік туалы: «Бұл қазір велосипедпен жүргісі келетін адамдарға арналған көлік құралы болып есептеледі, бірақ ұзақ жолдарға шығу қиындық тудырады. Шайтанарбаның құны – оны жаппай өндіру басталғаннан кейін 10 мың АҚШ долларын құрайды», - дейді өндірушілер.


Әрине, өнертапқыштар бұнымен тоқтамасы анық. Ал, олардың әрбір жаңалығы біздің назарымызда. Сондықтан, апта сайын жарияланатын жаңалықтарды оқып отырыңыз, құрметті оқырман!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Бұларды көліктен "түсіріп" тастай көрмеңіз


Сағатына 500 км-ге жуық жылдамдықпен жүретін көлікті білесіз бе?